Түркістандық ғалымдар қызғалдақтың отандық жаңа сұрпын дайындамақ

Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ботаник-ғалымдары 2 жыл бойы қазақ даласында өсетін қызғалдақтың 11 түрінің тұқымын жинаған. Осы арқылы қызғалдақты жан-жақты зерттеді. Енді қазақ даласында құлпыртып жаңа өсімдік өсірмек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ботаник-ғалым Амангелді Апушев жетекшілік ететін жылыжай 4 жыл бұрын еліміздегі қызғалдақтың бастапқы коллекциясын жасау, эксклюзив түрлері мен сұрыптарын көбейтіп, өсірудің инновациялық технологиясын әзірлеп, қолданысқа енгізу жобасы аясында салынған. Себебі ғалымның айтуынша, қазақ даласы қызғалдақтың отаны саналғанымен, елімізге жылына сырттан 3 млн түп пиязшық сатып әкелінеді. Бірақ оны өзімізде өндіру жағы қолға алынбағанын айтады. Сондықтан қазір ғалымдар осы олқылықтың орнын толтыру үшін университеттің ботаникалық зертханасында биотехникалық әдіспен қызғалдақтың жаңа түрінің өскінін шығарып жатыр. 

Амангелді Апушев, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор:

- Қазірдің өзінде жақсы-жақсы өскіндер алдық. Енді тамырландыру мәселесімен айналысып жатырмыз. Оны да іске асырамыз деп ойлаймыз. Егер біз биотехнологиялық әдіспен алуға қол жеткізсек, еліміз үшін үлкен жаңалық, жетістік болар еді. Сонда біз сырттан келетін 3 млн пиязшықтың орнына соның біраз бөлігін отандық пиязшықтармен алмастыруға біздің мүмкіндігіміз бар деп ойлап отырмын.

Ботаниктердің айтуынша, Қазақстанда қызғалдақтың 42 түрі өседі. Оның 18-і қызыл кітапқа енген. Қырдың сәніне айналған қызғалдақтың тұқымы жылдан-жылға азайып барады. Ал оның тұқымынан табиғи жолмен пиязшық алу ұзақ уақытты қажет етеді. Ең ерте гүлдегені 5-7 жыл болса, кейбірі тіпті 12-15 жылдан кейін ғана қауыз жарады екен. Сондықтан ғалымдар қызғалдақтың отандық сұрпын сақтап, тез өсірудің ең тиімді жолы биотехникалық әдіспен қолдан көбейту екенін айтады. Қазір мұндағы ботаникалық бақта қызғалдақтың 15 түрі өсіріледі.

Жандос Жұмабек, тілші:

- Биыл жылыжайда қызғалдақтың 12 мың пиязшығы отырғызылған. Гүлдер ерекше технологияның көмегімен 6 айда бүр жарып, жайқалып өскен. Оның 3 мыңы халықаралық әйелдер мерекесіне орай үзуге дайын болып тұр. Ал қалған бөліктері Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі қарсаңында, елге ұсынылмақ. Сонымен қатар жақында оқу ордасы маңына 3 мың түп қызғалдақ егілмек.

Университет ғалымдары қызғалдақтың отандық жаңа түрінің өскінін шығарып жатқанда Сарыағаштық бағбандар голландиялық қызғалдақты Қазақстан климатына жерсіндірді. Дербісек ауылының халқы жаппай гүл өсірумен айналысады. Бұл кәсіп шағын елдімекендегі халықтың негізгі табыс көзіне айналған. Мына жылыжайда голландиялық қызғалдақтар алғаш рет өсірілді. Шаруалар көктем гүлінің жақсы жерсінгенін айтады. Себебі әлемдік нарықта еуроның құны қымбаттап, көлік тасымалының қиындауы сырттан гүл тасымалдаушыларға тосқауыл болған. 

Уәлихан Нұсқабекұлы, кәсіпкер:

- Шетелден тасымалдау әзір қиын. Тікелей ұшақпен әкелу жоқ. Жүк көліктерімен Еуропадан келеді. Негізі Эквадордан Голландияға келеді, Голландиядан Қазақстанға артылады. Ал енді осы жергілікті диқандардың шығарған гүлі тиімді. Әрі шетелдің гүлдерінен сапасы кем емес.

Бағбандар өздері өсірген жауқазынды Алматы, Астана сынды ірі қалаларға жөнелтіп жатыр. 8 сотық жылыжайдың жартысына жуығы босап қалған. Әр талын 300-320 теңгеден саудалапты. Қазір тұтас Дербісек ауылында сауданың нағыз қызған шағы. Жергілікті тұрғындар маусым кезінде жұмыс істеп, табыс тауып қалуға тырысады. Жылыжайлар гүлден босаған соң, шаруалар орнына қызанақ пен қияр егеді.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш.