Ресейде қазақ балалары ана тілін міндетті пән ретінде оқиды

Ресей аймақтарында қазақ балалары ана тілін міндетті пән ретінде оқуға мүмкіндік алды. Ол үшін Алтай республикасының Қосағаш мектебінің ұстаздары арнайы оқу-әдістеме әзірледі. Олар дайындаған 1-4 сыныптарға арналған «Әліппе» мен «Қазақ тілі»» оқулықтары сараптамадан өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алтайдағы Қосағаш ауылы мектебінің мұғалімдері қазақ тілі пәні бойынша бастауыш сыныптарға арналған оқу-әдістемелік кешендерін 2021 жылы әзірледі. Олар барлық деңгейлерде сараптамадан өтіп, енді ресейлік оқу бағдарламасына ресми түрде енгізілді.

Баткен Сарсенова, қазақ тілі мұғалімі:

- Егор де біз факультатив туралы айтып отырсақ, барғысы келген балалар барады, сабаққа барғысы келмейтін балалар бармайды. Сондықтан тілді үйренбейді. Ал пән болса, балалар міндетті түрде барады, сондықтан тілдері дамиды, ана тілінде еркін сөйлейді. Қазіргі күнде ата аналардық қазақ тіліне деге қызығушылығы өте көп, сондықтан балаларын оқытуға тырысады.

Омбы қаласының 3 мектебінің оқушылары ана тілін факультативті сабақ кезінде үйрене алады. Ал облыстың 11 мектебі қазақ тілін міндетті пән ретінде оқытады.

Рустам Грасимчук, Омбы облысы Өңірлік саясат министрлігінің сектор меңгерушісі:

- Біздің жергілікті Омбы қазақтарын диаспора деп атауға болмайды, өйткені олар – осы аумақты ежелден мекендеген халық. Біздің облыста ұлттық мәдениетті сақтау және насихаттау ісіне көп көңіл бөлінеді және жан-жақты қолдау көрсетіледі.

Омбы және Алтай мұғалімдері жаңа оқулықтар Ресейдің басқа да мектептерінде қолжетімді болып, қазақ тілін оқытатын білім беру мекемелер желісі кеңейеді деп үміттенеді. 

Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров.