Елде ветеринарларды дайындауға бөлінетін гранттың жартысына жуығы игерілмейді
Елімізде ветеринарларды дайындауға бөлінетін гранттың жартысына жуығы игерілмейді.
Былтыр оның саны 825-тен 925-ке дейін көбейген еді. Алайда, салаға қызығатын талапкер аз. Қазір ел бойынша 800 ветеринар жетіспейді. Мәселені шешу үшін әлеуметтік пакет ұсыну қолға алынды. 1 және 2-топтағы патогендік биологиялық агенттермен жұмыс істейтін ветеринарлардың еңбекақысына 35% және 50% көлемінде қосымша ақы төленеді. Сондай-ақ сауықтыру үшін кемінде екі лауазымдық жалақы мөлшерінде жәрдемақы беріледі. Бұл мақсаттарға бюджеттен 9,2 млрд теңге қарастырылды. Республика бойынша жоғары білімді маманның орташа жалақысы 145 мың теңгеден басталады.
Асқар Жақыпбаев, ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы:
- Парламент депутаттары ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ветеринария мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша заң жобасына бастамашылық жасады. Заң жобасы орталық пен өңірлер арасындағы өкілеттерді бөлу, процестерді цифрландыру, деректерді жинау, кадрлар даярлау жүйесін жетілдіру және ветеринария саласындағы мамандардың жалақысын арттыру, оларға әлеуметтік қолдау шараларын арқылы ветеринария жүйесін реформалауды көздейді.