ШҚО ғалымдары медицинаның дамуына үлес қосып келеді
Шығыс қазақстандық ғалымдар медицинаның дамуына ерекше үлес қосып келеді.
Олар арнайы орталықта титан имплантанттар мен пластиналар шығарып, түрлі сынықтарды қалпына келтіруге күш салуда. Күрделі ем-дом шарасын жүргізуге мамандарға робот аппараты көмектеседі. Оны да жергілікті зерттеушілер ойлап тапты.
Сергей Руденко – зерттеуші-инженер. Қазір ол таңнан кешке дейін бас алмай гексапод аппаратын құрастырумен айналысады. Аталған ақылды заттың атқаратын міндеті зор. Буын маңындағы ұсақ әрі күрделі сынықты теріні тілмей орнына келтіруге көмектеседі.
Сергей Руденко, инженер:
- Қазір аппараттың 3Д-үлгісі жасалды. Енді оны басқаратын бағдарламаны жазып жатырмыз. Кейін клиникалық сынақтардан өтеді.
Дмитрий Догаткин болса, 3Д үлгілеумен және баспамен айналысады. Тек баспа болғанда қарапайым қағаз шығармайды. Омыртқа зақымданғанда қажет кейдждер, яғни сүйек арасының қажалуына жол бермейтін кішкене бөлшектер басып шығарады.
Ең кереметі бұл жерде қазір бас сүйек сынығында қолданылатын пластинкалар өңделіп жатыр.
Дмитрий Догадкин, зерттеуші-инженер:
- Біз бұл пластинкаларды магнитті-резонансты немесе компьютерлік томография түсіріліміне қарап дайындаймыз. Яғни дәл сынық формасына сай жасап шығарамыз. Эстетикалық функцияға да назар аударамыз.
Инженерлерге қазір еліміздегі Ұлттық травмотология орталығы, медициналық университет, Ұлттық нейрохирургия орталығы сынды ірі ұжымдар үлкен сенім артып отыр. Өйткені мұндағы білікті жас ғалымдар ең замануи техникалар арқылы бірегей жобаларды бастауға қорықпайды.
Бағдат Азаматов, орталық жетекшісі:
- Қазіргі кезде заманауи ЧПУ станоктар дейміз, сандық басқарумен басқарылатын станоктар әр түрлі 3Д принтерлер заманауи техниканың неше түрі бар, солардың өзінде жұмысты меңгеріп алдық.
Жалпы мұндай медициналық бұйымдарды әзірлеу оңай емес. Өйткені идеядан өндіріске дейін 5-6 жыл уақыт кетеді. Дегенмен, қазір жамбас сүйектеріне арналған пластинкалар, иық және омыртқа сынығына керекті бөлшектер клиникалық сынақтан өтіп, олардың жалпы қолданысқа ену мерзімі жақындап қалды.
Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов