Ертіс өңірінің оқушылары оңалту құралдарын ойлап тапты
Ертіс өңірінің оқушылары науқастарды инсульттен кейін оңалтуға арналған құралдар ойлап тапты, деп хабарлайды «Хабар 24».
Жастардың бұл өнертабысы республикалық биомедицина, инженерия және технологиялар байқауында жүлделі орындарға ие болды. Жоба авторы микросхемалар мен датчиктердің базасында бағдарлама арқылы бақыланатын жаттығу кешенін әзірлеген. Оның көмегімен ауруға шалдыққан адам ондаған жаттығу түрін жасай алады. Кешеннің құрамында ақылды бас киім, қолғап, кубик және ақпараттық жүйе бар. Ал әрекеттердің барлығы арнайы мобильді қосымшаның көмегімен қадағаланады. Кейін мәліметтер базасында сақталады.
Шахназар Сайлауқан, жоба авторы:
- Біз 3 түрлі құралдан бір жүйе әзірледік. Осылайша, инсульттен кейін науқасты оңалтуға арналған тренажерлік кешен ойлап таптық. Бұл – жобамыздың басты ерекшелігі. Ауруға шалдыққан адам тренажердің көмегімен ондаған жаттығу жасап, зақымданған бұлшықеттерін қалпына келтіре алады.