Елордалық оқушылар қаржылық қауіпсіздік олимпиадасына қатысып жатыр
Елордалық оқушылар қаржылық қауіпсіздік және сауаттылық тақырыбына арналған республикалық олимпиадаға қатысып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Еліміздегі алғашқы пилоттық жоба Қаржылық мониторинг агенттігінің ұйытқы болуымен ұйымдастырылды. Бас шаһардағы байқауды өткізу орны ретінде Мақсұт Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық заң университеті таңдалды.
Олимпиада 2 кезеңнен тұрады. Біріншісі онлайн тестілеу болса, екіншісі – эссе жазу және кейс есептерін шешу. Шарада еліміздегі жалпы білім беру ұйымдарының 10-11-сынып оқушылары бақ сынап жатыр. Бірінші кезең нәтижесі бойынша 3 мыңнан астам қатысушы тіркелді. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталады.
Айта кеткен жөн, республикалық олимпиада осы айда Алматы және Қарағанды қалаларында да өтеді.
Шоқан Оразбеков, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің бас сарапшысы:
- Республикалық Олимпиада азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған. Пилоттық жоба ойдағыдай өтсе, алдағы уақытта бұл байқау дәстүрлі сипатқа ие болады және тұрақты түрде еліміздің барлық қаласында өткізіліп отырады.