Жетісудағы кәсіптік колледж өңірдің сұраныстарын өтей алмай отыр

Жетісу облысындағы Қапал ауылында ауыл шаруашылығы саласының мамандары тапшы.

Мәселен, диқандарға механик, тракторшы, комбайншы керек. Ал төрт түлікті түлеткен шаруаларға зоотехник, ветеринар қажет. Алайда дала еңбеккерлерінің сұранысын жергілікті кәсіптік колледж толықтай өтей алмай отыр. Бұған не себеп?

Ерлан Әділовтың егін шаруашылығын қолға алғанына отыз жылға жуықтады. Екі жүз гектар жерге дәнді дақыл сеуіп жатқан диқан кәсіби маманға зәру.

Ерлан Әділов, шаруа:

- Механизатор, комбайнер, механик, ветеринар сондай мамандықтар білімді мамандар шықса дұрыс болады. Қапал өңірі аграрлық қой. Мал шаруашылығы, егін салады, жермен айналысады. Сондай мамандықтар керек.

Аймақ шаруаларын кәсіби маманмен Қапалдағы колледж қамтамассыз етуі тиіс. Алайда аталған оқу орнындағы 160 тан аса студент аспаз және тракторшы мамандығы бойынша ғана оқытылып жатыр. Оның үстіне мекеменің құрал жабдықтары да әбден ескірген.

Ғазиз Жарқын, студент:

- Бұрынғы тракторлардың маторына қарағанда қазіргі тракторлар адамға қолайлы. Барлығы компьютерлік жабдықтармен жабдықталған. Электронды жүйеде. Солар келсе солардан үйрену керек. Жақсы маман болу үшін бізге жаңа трактордың механизмдері керек.

Колледждің салынғанына қырық жылға жуықтады. Қолданысқа берілгелі  күрделі жөндеу көрмеген мекеменің былтыр спорт залы жарамсыз күйге түскен. Соған байланысты қаражат қарастырылып қайта жасалды. Ұжым қызметкерлері биыл акт залын өз күшімен қалыпқа келтіріп алмақ. Жұмыс мұнымен бітпейді. Білім ордасының жылу, кәріз жүйесімен есік терезелерін ауыстыру ісі де кезек күттірмейтін мәселе болып тұр.

Рысалды Жүнісова, Қапал кәсіптік-техникалық колледжінің  директоры:

- Жетісу облыстық білім басқармасына колледждің есік терезесін, жылу, кәріз жүйесін ауыстыруға сұраныс беріп, сметаларымызды өткізіп қойдық. Енді осы апрель айында қарастырамыз деп отырған. Дұрыс жолын тауып берсе дұрыс шешім қабылдайды деген ойдамыз.

Жетісу облысындағы 19 мемлекеттік кәсіптік колледжде 15 мыңнан аса студент  білім алып жатыр. Оқу орындарының материалдық техникалық базасын жақсарту үшін биыл қазынадан қомақты қаражат қарастырылған.

Ерхан Мұқанов, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

- Былтыр 192 млн теңге бөлінсе, биыл 425 млн теңге бөлінген. Негізінен «Жас маман» жобасы бойынша 7 колледж маманданған. Бұл колледждің базасында барлық колледждің жаңа халықаралық талаптарға сай техникалармен қамтамасыз етілген. Сол жерде барлық колледждің студенттері келіп «Академиялық ұтқырлық» арқылы келіп өздерінің шеберліктерін нығайта алады.

Биыл өңірдегі алты колледждің ғимаратына күрделі жөндеу жасалады. Қапалдағы оқу орыны алдағы уақыттың жоспарына енгізіліп құжаттары дайындалмақ. Ал оған дейін мекемеде шаштараз және орман шаруашылығының мамандықтарын ашып, студенттер санын арттыру көзделіп отыр.

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев