Еліміздің ғалымдары адамның қандай дертке шалдығуы мүмкін екенін анықтайды
Онкология, жүрек-қантамыр және зат алмасу ауруларын ерте білуге болады.
Мамандар мұны ДНК арқылы генетикалық сынақтардың немесе маркерлердің көмегімен анықтайды. Тіпті адамның қандай спортқа бейім екенін де байқауға болады екен.
Зерттеуге қажетті материал сілекей жасушаларынан алынады. Сөйтіп, ДНК шығады. Одан соң химиялық реакция жүреді. Осыдан соң адам бойындағы ауруды, дарынды, тіпті оның мінезін анықтауға болады.
Елена Жолдыбаева, жоба жетекшісі:
- Біздің зерттеулеріміз, ең алдымен, жүрек-қан тамырлары ауруының асқынуын анықтауға мүмкіндік береді. Әсіресе тромбоз қаупін, онкологиялық қатерді білуге болады. Біздің генетикалық тестеріміздің фитнеспен айналысатын спортшыларға да қатысы бар. Сараптаманың көмегімен адамның төзімділігін, генетикалық ерекшелігін, ескере отырып, оның қандай спортқа жақын екенін анықтай аламыз.
Елордалық ғалымдар мұндай әдіспен 2017 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Содан бері 70 генетикалық тест жасалған. Соңғы үш жылда мамандар мыңдаған адамның ДНК-сын зерттеді. Сәуле Құбекова геномды әдіс көптеген аурудың алдын алуға мүмкіндік береді дейді. Генетикалық тест – медицинадағы жаңалық.
Сәуле Құбекова, кардиолог:
- Қазақ медицинасы жалпы әлем ғылымы үшін бұл тың жаңалық. Яғни біз дертті ерте анықтай аламыз. Сол арқылы жүрек-қантамырындағы ауруды қалай емдеу керек екенін білдік. Бірақ біз тек алдын алу сатысындамыз. Ишемиялық ауруды, артериялық гипертензия мен жүрек ырғағының бұзылуын бақылай аламыз.
Генетикалық сараптама Астанадағы төрт емханада жүргізіледі. Ғалымдар енді қазақтың генофондын зерттеуді көздеп отыр.
Қорған Қонысбайұлы, Сәния Көпжасарова, Ерлан Наурызбаев, Ербол Дайыров