Бүгін - ғылым қызметкерлерінің күні
Бүгін - ғылым қызметкерлерінің күні. Елде 22 мыңға жуық адам осы салада еңбек етеді.
Медицина, зоология, химия – өзге де бағытта зерттеу жүргізіп жүрген қазақ ғалымдарын не толғандырады?
Қазақ ғалымы Әлия Сембаева бірнеше халықаралық байқауларда топ жарды. Ол «30-дан кіші 30 үздік» форбс тізіміне енген. Британияның Alumni Awards сыйлығын «Бизнес және инновация» номинациясы бойынша жеңімпазы атанды. Білімін арттырып, зертханада тәжірибе жинау үшін Ливерпуль, Бирмингем университеттерінде жылына әлемнің 1-2 студентіне ғана бөлінетін грантты жеңіп, оқып келді.
Әлия Сембаева, химия саласы бойынша PHD доктор:
- Мен үшін ғылым деген, Мария Кюридің сөзімен айтқанда, «Ғылым – бұл керемет сұлулық. Зертханадағы ғалым тек техник емес: бұл сиқырлы ертегі сияқты әрекет ететін табиғат құбылыстарымен бетпе-бет келетін бала». Қуат көздерін үнемдеуші полимер материалын әзірлеуге ден қойып, молекулалардың органикалық синтезімен көбірек айналыстым. Яғни, қарапайым тілмен айтқанда, материал, резинаны тартсаңыз, оның сапасы бұзылады. Ал біз оларды керісінше, нығайтатын молекулалармен жұмыс істедік.
Оқуын аяқтаған соң, елге келіп, еңбекке араласқан Әлия қазақстандық ғылым туралы былай дейді.
Әлия Сембаева, химия саласы бойынша PHD доктор:
- Ең бастысы, ғылым саласына қолдау жоғары деңгейде көрсетіліп жатыр. Қаражат бөлінуде. Коммерцияландыру туралы айтылуда. Алысқа кетпей, осыдан 5-10 жыл бұрынғы жағдайды еске алсақ, ғылымға бұлай көңіл бөлінбейтін. Идеялар бар, оны жүзеге асыру мәселесі ақсаңдап тұр. Яғни, ең бастысы мәселені шешу бағытында прогресстер бар.
Қазіргі таңда елімізде 21 617 ғалым бар. Оның 35% – ғылыми немесе академиялық дәрежеге ие. Бұл: 1 652 ғылым докторы, 3 838 ғылым кандидаты, 1 952 PhD докторы. Ғалымдардың 35% — 35 жасқа толмағандар; 42% — 35-54 жас аралығындағылар; 23% - 55 жастан асқандар.
Тәуелсіздік алған тұста елде 40 мыңнан аса ғалым болса, қазір ол көрсеткіш екі есе азайған.
Әлия Сембаева, химия саласы бойынша PHD доктор:
- Бізге қазір жетілдіру керек инновация және технология жағын. Ашылып жатқан ғылыми жаңалықты өндіріске енгізу, ғылым мен бизнесті біріктіру және коммерцилизациялау мәселесі бар. Патенттік жұмыстар, авторлық құқық мәселелерін жетілдіру керек деген ойдамын.
Ғылым саласында мәселе бар. Олқылықтардың орынын толтыру мақсатында былтыр «Жас ғалым» жобасы іске қосылды. Бағдарлама аясында жылына 1000 грант бөлініп, әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында 500 ғалым тағылымдамадан өтетін болды.
Камиль Ақатов, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі:
- Бәсекеге қабілеттілікті арттыру және ғылымды қажет ететін өндіріс саласын дамыту мақсатында технологияларды тарту үшін жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ғылым және технологиялық саясат бағытында заңды әзірлеу қолға алынды. Жыл сайын коммериялау бағытында гранттар бөлінетін болды.
Сондай-ақ, биыл 28 наурыздан бастап жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітілді. Кадрлық әлеует, қаржыландыру көлемі, ғылымның нақты сектормен байланысы және әкімшілік ұйымдастыру сапасы яғни 4 негізгі фактор бойынша ғылым саласына көңіл бөлінбек.