Еліміз 100 млн тоннадан астам мұнай өндіруді көздеп отыр
Еліміз 2026 жылдан бастап 100 млн тоннадан астам мұнай өндіруді көздеп отыр. Бұл туралы Энергетика министрі бүгінгі Үкімет сағатында мәлім етті, деп хабарлайды 24kz.
Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, мұндай межеге ірі жобаларды жүзеге асыру есебінен жетуге болады. Бір ғана «Теңізшевройл» мұнай өндіруді жылына 12 млн тоннаға арттыруды қамтамасыз ете алады. Қазір Қашаған мен Қарашығанақта газ өңдеу зауыттары салынып жатыр. Бұдан бөлек, елдегі Шымкент, Павлодар және Атыраудағы мұнай өңдеу зауыттарының қуатын арттыру көзделіп отыр. Сол арқылы бензинге, авиациялық және дизельдік отынға деген нарық сұранысын 2035 жылға дейін қамтуға болады. «Ал артық жанар-жағармайды экспорттауға мүмкіндік туады», - дейді министр. Жалпы жыл басынан бері елдегі мұнай өндіру көлемі 11 млн тоннаға жетті. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 14,5 млн тонна болады деп болжанып отыр.
Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:
- Мұнай-газ саласы тұрақты экономикалық дамудың негізгі драйверлерінің бірі саналады. Бүгінгі салада 1300-ден астам кәсіпорында 220 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Жалпы ішкі өнім құрылымында мұнай-газ саласындағы үлесі шамамен 16%-ті құрайды және ел бюджетіне түсетін түсімдердің 28%-тен астамын және экономикаға инвестицияның 15%-тен астамын қамтамасыз етеді.