Қазақстанда тұңғыш рет суды плазмамен тазалау әдісі сынақтан өтеді
Қазақстанда тұңғыш рет суды суық плазмамен тазалау технологиясы жасалып, сынақтан өтеді. Бұл әдіс тіршілік нәріндегі микропластик қалдықтары мен басқа да ластаушы заттарды бөліп алуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Елімізде су тапшылығымен қатар ластануы да өзекті. Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің ғалымдары осы бағытта алғашқы тәжірибені жүргізуге дайын. Қазір мамандар құрамында кремнийі бар элементтерді тексеру үстінде. Өзге де бөлшектер анықталады. Бұл сіңіргіштер кейін суды соңғы тазалау кезеңінде пайдаланылады. Ал оған дейін ғалымдар электр разрядынан пайда болатын ұшқынның көмегімен су құйылған реакторда суық плазма ағынын жасайды. Ол көлемі 5 миллиметрден аспайтын микропластиктерді ыдыратады.
Сейітхан Азатұлы, Сәтбаев университеті инженерлік бейінді зертханасының жетекшісі:
- Арнайы реакторда арнайы контейнер болады. Сол жерден су өткен кезде біз суық плазманы 300, 400 градус көлемінде қыздырылады. Яғни, осы микробөлшектерді нанобөлшектерге дейін ыдыратып, сол плазманың көмегімен ең соңында сол өткен суды жаңағы көміртекті сорбенттердің көмегімен сорбциялап аламыз. Ал былайғы жағдайда оны кез келген технология көмегімен сүзіп алу немесе басқаша жасау өте қиын.