«Жайлы мектеп» жобасына кімнің жиһаз жасағаны дұрыс?
Жуырда 400 жайлы мектеп құрылысын жобалаудың алғашқы сатысы басталады.
Бұл жөнінде жоба операторы «Самұрық-Қазына Construction» компаниясының басшысы Мәулен Айманбетов хабарлады. Яғни заманауи білім мекемелерінің инженерлік желісін салу, жабдығы мен құрылысына байқау мамырда жарияланады.
Жобалық-сметалық құжаттар толық әзірленген соң 2024 жылға дейін 185 мектептің құрылысы басталып кетеді. Дегенмен жобалау сатысының өзінде мәселе туындады. Нақтырақ айтқанда, отандық жиһаз өндірушілер бағдарламаға атсалыса алмай, шет қаламыз ба деп қауіптеніп отыр. Неліктен олай?
Данияр Беғожинов 2006 жылдан бері жиһаз жасаумен айналысып келеді. Бүгінде қол астында 70 шақты адам жұмыс істеп жатыр. Сапаға баса мән беретін кәсіпкер әрі 4 баланың әкесі ретінде Данияр «оқушыларға арналған жиһазды үлкен ыждаһатпен жасау керек» дейді.
Данияр Беғожинов, жиһаз компаниясының директоры:
- Ең бірінші біз өз балаларыма жасаймыз. Ол жағынан ең бірінші сапалығына қарап, ыңғайлығына деп отырмыз жәнегідей, 1-2 жыл қолданатын емес көп жылға қолданатындай. Балаларымыз жақсы оқып, ыңғайлы оқып ешнәрсеге мән аудармайтындай, енді сапасына жақсылап жасаушы едік. Шын ниетімен.
Данияр сияқты жиһаз өндірісі саласында 1402 заңды тұлға тіркелген. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының дерегінше, тағы 9 мыңдай азамат кішігірім цехында жиһаз жасап, өзін өзі жұмыспен қамтып отыр. Ал жиһаз өндірісі және ағаш өңдеу қауымдастығының президенті 200 мыңдай қазақстандық нәпақасын осылай тауып отыр дейді. Қанат Ибраевтың айтуынша, Кеңес заманында Қазақстанда 34 ірі кәсіпорын болса, бүгінде елімізде 80 ірі өндіріс жұмыс істеп тұр. Былтыр отандық жиһазшылар 65 млрд теңгенің тауар айналымын қамтыған. Бұл өндіріс қуаты 20-40 процент шамасындағы көрсеткіш. «Жайлы мектеп» бағдарламасы 150-180 млрд теңгенің тауар айналымын қамтыса, үш жылда шамамен 60 млрд-тан келеді. Демек 400 мектептің жабдығын 80 өндірістің еш қиналмастан жасап беруіне шамасы бар. Тек алаңдатып отырған бір мәселе бар.
Екатерина Смышляева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Мектеп құрылысын жүргізетін компаниялар нысанды толықтай жабдықтайтын болады. Осы ретте жиһаз қауымдастығы алаңдаушылығын білдіріп отыр. Өйткені сыртқы санкциялардың кесірінен құрылыс нарығында бағаның төмендеуі байқалады. Көрші елдер жасанды жолмен бағаны төмендетті, яғни ертең өзімізден емес, жиһаз-жабдықты шеттен алдырудың қаупі бар. Сондықтан қазірден бастап, жобалау сатысында осы мәселені қозғап отырмыз.
Ия, Беларусь пен Ресей өндірушілері әлден қазақстандық бағдарламаға қатысып, пайда табамыз ба деп елеңдеп отыр. Салалық қауымдастық осы ретте «Самрұқ-Қазына» қоры мен ұлттық кәсіпкерлер палатасы тізіміндегі индустриалды сертификаты бар кәсіпорындарға басымдық берілсе» дейді.
Қанат Ибраев, Жиһаз өндіру және ағаш өңдеу қауымдастығының президенті:
- Сатып алу процесі құқықтық норма бойынша квазимемлекеттік сектордың алаңында өтетіндіктен, бізге басымдықтар берілсе деген үміттеміз. Самрұқ-Қазынаның сатып алу жүйесінде 15 түрлі басымдық қарастырылған. Тіпті өндірушілердің ешбір шығынын талап етпейтін 30 процент мөлшеріндегі алдын ала ақшалай аударым бар. Ол үшін әрине, алдын ала кәсіби іріктеуден өту керек. Неге бізге осындай жеңілдік жасамасқа? Сондай-ақ, жиһаздың қазіргі құнын бәрі біледі, ендеше сол қаржыны сатып алу жүйесінен жеке лот қылып шығармасқа?
«Жайлы мектеп» жобасына жауапты «Самұрық-Қазына Construction»-ның бұған қатысты есебі бөлек. Компания басшысының айтуынша, әр аймақта мектеп салатын мерлдігерлер жиһаз жеткізетін кәсіпорындармен өзара келісім-шартқа отырып, нысанды жабдықтайды. Оған қоса, отандық өндірушілердің мектептерді 95 процентке жабдықтауға толық мүмкіндігі бар. Келер жылы 185 мектеп бой көтереді деген жоспар бар. «Барлығын бір мезетте жиһазбен қамтуға тырыссақ, отандық өндірушілерге салмақ түспей ме?» деген күдік те жоқ емес.
Мәулен Айманбетов, "Samruk-Kazyna Construction" АҚ басқармасының төрағасы:
- Біз қазірдің өзінде комиссия құрып, мынандай көлемде 2-3 ай қалғанда емес, 1 жыл - 1,5 жылдың алдында ертерек істеуге өздерінің мүмкіншіліктеріңді көрсетіңдер леп отырмыз. Оны Construction емес, 20 өңірдегі комиссия анықтау керек и оның ішінде Атамекеннің өкілетті азаматтары анықтауы керек.
Ұлттық жоба операторы мұнда үш негізгі критерийге мән береді. Онысы – жоғары сапа, тиімді баға және тапсырысты орындау мерзімі. Осы үш талапты орындай алмаса, онда мердігерлердің жиһазды шеттен алдыруға мүмкіндігі қарастырылған. Ал нарықта орныққан қазақстандық жиһазшылар сапа мен мерзімге еш қам жемейді.
Мейрам Әбдірахманов, жиһаз компаниясының директоры:
- Бүкіл ГОСТ талаптар бізде бар. Сол талаптарды біз түгелінше орындап жатырмыз. Мысалы, мынау Еуроодақтың талаптары бар, Еуроодаққа, бізге басқа елге шығу үшін талаптар бар. Сол талаптарды біз толығымен орындап жатырмыз. Біздің жәнегі шығарылып жатқан жиһазымыз ол экологиялық таза сапалы жиһаз.
Жиһаз өндірушілердің бір ғана өтініші бар: ертең мектеп салған кезде мердігерлер тендер арқылы араға делдал салмай, тікелей бізге шықса дейді. Сонда жиһаз шикізатына ақша үнемдемей, шынымен сапалы бұйымға жасауға болады.
Бақыт Топтаева, тілші:
- Қазақстанда осы сияқты жиһаз шығаратын цехтар жетіп артылады. Заманауи қондырғылары орнатылған кәсіпорындар тиісті стандарттарға сәйкес сапалы өнім жасауды әлдеқашан жолға қойған. “Жайлы мектеп” бағдарламасы бойынша ауқымы үлкен тапсырысты бірігіп орындауға дайынбыз, дейді астаналық жиһаз өндірушілер.
Бақыт Топтаева, Мұхамбетәлі Тілдабаев