Aqyl Battle Cup зияткерлік ойыны алғаш рет офлайн түрде өтеді
Aqyl Battle интеллектуалды чемпионаты тұңғыш рет офлайн форматта өтпек.
Қазақ тілді зияткерлік ойынның онлайн желідегі қосымшасына бұған дейін 600 мыңға жуық адам тіркелген. Қазір мұнда 25 санат бойынша 12 мың сұрақ бар. Күн сайын шамамен 110 мың адам ойнайды. Басым бөлігінің жасы 35-ке жетпейді. Сондықтан чемпионатқа 14 пен 35 жас аралығындағы жастар қатысады. Жобаға Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қолдау білдіріп отыр. Чемпионат үш кезеңді қамтиды. Алғашқы іріктеу кезеңі мамыр айында онлайн форматта өтеді. Ұпайы жоғары 10 мың адам таңдалады. Жаз басынан қыркүйектің соңына дейін ел бойынша 100 ойыншы іріктелмек. Жүзден жүйрік шыққан жеңімпаз қазан айында Астанада өтетін ойынның ақтық сынында анықталады. Чемпионат келешекте бауырлас түркі елдерінде қанат жаюы мүмкін. Басты шарт, қатысушылар қазақ тілін жетік білуі тиіс.
Дәулет Мұқаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бұл жерде барлығы қазақ тілінде сұрақтар. Негізгі қойылатын бағыт-бағдар, ол өзіміздің тіліміз, мәдениетіміз, ұлттық рухани құндылығымыз. Сонымен қатар, технология, ІТ саласы, тіпті, жол ережелеріне қатысты сұрақтар келеді. «Жазу сауаттылығы» деген тақырыпты да қойғанбыз. Қазір жастар арасында «иә» деген сөзді «я» дей салатын болды бір әріппен ғана.
Бибінұр Шербаева, «Болашақ Қазақстанға» қорының атқарушы директоры
- Жалпы жүлде қоры 2 млн 600 мың теңгені құрайды. Бізде І орын – миллион теңге, ІІ орын – 500 мың, ІІІ орын – 300 мың, ІV орын – 200 мың теңге. Және де Aqyl Battle Сup-тың жастар арасындағы танымалдылығын арттыру мақсатында креативті команда сайысын өткіземіз.