Ұлытау облысында «ArtSport» бағдарламасының ақшасы ұрланған
Ұлытау облысында «ArtSport» бағдарламасына бөлінген ақша талан-таражға түскен.
Балалар спортындағы былықты анықтаған облыстық прокуратура 2 бірдей қылмыстық іс қозғады. Мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істеген кәсіпкерлер алаяқтық жолмен ірі көлемде ақша жымқырыпты. Күдіктілер спорт үйірмелеріне қатысатын балалардың тізімін қолдан жасаған. Жалған тізімге бір жыл бұрын өзге мемлекетке көшіп кеткен баланың да есімі еніп кеткен. Ата-аналар атынан жалған өтініш жазып, тіпті табельге де қол қойған көрінеді. Осылайша 8 айдың ішінде 1 млн теңгеден астам қазына қаржысын қалтаға басқан.
Елдос Бөрлібаев, облыс прокурорының аға көмекшісі:
- Тергеу барысында жеке кәсіпкерлер өздерінің кіналарын толықтай мойындап, мемлекетке келтірілген зиян мөлшерін толығымен өтеді. Сондықтан, бізбен қылмыстық іс тараптардың толық өтеуіне байланысты қысқартылды.