Елімізде 2012 жылы енгізілген «Lesson Study» әдісі өз нәтижесін бере бастады
Еліміздің мектептеріндегі сабақты зерттеу тәсілі өз нәтижесін бере бастады. Бұл туралы білім беруді жетілдіруге бағытталған І ұлттық конференция барысында айтылды.
Назарбаев зияткерлік мектептерінің Педагогикалық шеберлік орталығы ұйымдастырған жиынға білім саласының сарапшылары, шетелдік ғалымдармен қатар 500-ден аса педагог қатысты. Шара барысында ұстаздар елімізде 2012 жылы енгізілген «Lesson Study» әдісінің тиімді тұстарын талдап, жеткен жетістіктерді таразылады. Бұл тәсіл бірнеше мұғалімнің сабақты бірлесе дайындап, әрбір оқушының қарым-қабілетіне, сұранасына сай, білім беруге септігін тигізеді. Әрі мұғалімдер оқытудың арнайы әдістемелерін әзірлеп, зерттеу барысында үйренген тың тәсілдерін коучинг, демонстрациялық сабақтар негізінде бір-біріне үйретеді.
Әнуар Жанғозин, «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрағасы:
- Бұл - мұғалімдердің кәсіби дамуына өлшеусіз үлес қосатын әдістеме. Жалпы мектептердегі сабақты жетілдіруге арналған әдіс. Бұл халықаралық деңгейдегі әдіс десек болады. Келесі жылы елімізде халықаралық деңгейде осы «Lesson Study» әдісіне арналған конференция өткізіледі.
Тошия Чичибу, Жапония ұлттық университетінің аға зерттеушісі:
- Сабақты зерттеу - бұл мазмұны терең әдіс. Яғни осы тәсіл арқылы мектептерде білім беру жеңілдей түседі. Ұстаздарға әріптестерімен жұмыс істеуді, оқушылардың қалай оқитынын мұқият қадағалауды талап етеді. Бұл мектептерде оқушылардың біліміне деген жауапкершілік ортақ болады деген сөз.