Оқу-ағарту министрі Қазалы ауданындағы мұғалімдермен кездесті
Қызылорда облысына арнайы жұмыс сапарымен барған Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қазалы ауданының ұстаздарымен және ата-аналар комитетінің өкілдерімен кездесті.
Өңірдегі барлық мектеп директорлары онлайн қатысқан жиында балаға саналы тәрбие беруде өзгеше көзқарас керектігі айтылды. Ата-ана академиясын жаңғыртып, тентектік танытқан ұл-қызды ұлттық педагогика негізінде жөнге салу тетіктерін жетілдіру жайы да сөз болды.
Алқалы мәжілісте облыс орталығы мен Жалағаш және Қазалы ауданында болған оқушылар төбелесінің негізгі себептері жан-жақты сараланды. Аймақ басшысы полиция өкілдеріне жасөспірімдердің топ-топқа бөлініп, төбелесу деректерін мүлде болдырмаудың кешенді бағдарламасын қабылдау керектігін қатаң ескертті. Оқу-ағарту министрі болса жеткіншектер жүгенсіздігі Қазалыға ғана емес күллі қазақ даласына қатысты екенін айтты. Өйткені республикадағы барлық ата-ананың 53%-і бала тәрбиесі жөнінде психолог-мамандардың ақыл-кеңесіне мұқтаж көрінеді.
Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:
- Бүгінгі Альфа, Зет, Бет ұрпақтары деп жатырмыз олармен тіл табысуда, оларға өзінің сөзін өткізуде біздің 70-80-90 жылы туылған азаматтардың бала тәрбиесіндегі тәлім-тәжірибесі жеткіліксіз болып жатыр. Үнемі конфликт туындайды, түсіне алмайды бір-бірін. Ендеше бала тәрбиесіне жаңаша көзқарас керек.
Оқушы бос жүріп, көше кезбес үшін өнер үйірмесі мен спорт секциясы қолжетімді болуы керек. Осы ретте Кеңес Одағының Батыры Үрмаш Түктібаев ауылында 200 балаға арналған заманауи спорт кешені пайдалануға берілді.
Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:
- Былтыр Қазалы ауданының дамуына 29 млрд тг астам қаражат бөлінсе, биыл 30 млдр тг үстінде қаражат бөлінуде. Оған сіздерді бұрыннан толғандырып жүрген халыққа ең керекті әлеуметтік мәселелер рет-ретімен шешілетін болады. Спорт кешенінің ашылуымен сіздерді шын жүректен құттықтаймын. Ауылда қуаныш көп болсын.
Оқу-ағарту министрі Қармақшы мен Жалағаш аудандарының білім нысандары жұмысымен де танысты. Таң ауылының мектебіне оқушылар тасымалдайтын автобус табысталды.
Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев