Алматыда жастарға білім беретін инклюзивті орталық ашылды
Елде мүмкіндігі шектеулі студенттерге лайықты білім беретін тұңғыш инклюзивті орталық ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Ол Алматыдағы Сәтбаев университетінде орналасқан. Мақсаты – оқуға құштар ерекше жастардың жоғары білім алып, білікті маман атануына көмектесу. Іс-шараға қатысқан Мәжіліс депутаты Таңсәуле Серіковтың айтуынша, Қазақстанда 120 мыңнан аса адамның мүгедектігі бар. Диплом алғысы келетіндері көп. Тың бастаманы өзге 73 университет құптап, өз базасында осындай инклюзивті білім беру орталығын құруға келісті.
Сонымен қатар, бүгін университет қабырғасында 72 сағаттық марафон басталды. Әлеуметтік жобаның мақсаты – мүгедек жандардың өмірін жеңілдетуге арналған құрылғыларды, гаджеттерді, прототиптерді жасау. Оған өнертапқыштар, инженерлер, дәрігерлер қатысады.
Таңсәуле Серіков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Күнделікті мұң-мұқтаждары болуы мүмкін. Өзінің туындайтын әртүрлі мәселелері болады ғой. Оқу процесінде буллинг та болуы мүмкін. Сол кезде көмекке келетін, қолдау жасайтын орталықтар. Біз бірінші санатта оқу бағдарламасын бейімдеуіміз керек.