Қызылордада жас математиктердің халықаралық олимпиадасы басталды
Қызылордада Асқар Жұмаділдаев атындағы жас математиктердің халықаралық олимпиадасы басталды.
Білім бәйгесіне Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей және Қазақстанның барлық өңірінен 1мың 800 үміткер қасуға ниет білдірген. Алайда іріктеу кезеңінен іркілмей өткен 100 қатысушы Сыр елінде бақ сынау мүмкіндігіне ие болып отыр.
Мемлекет қайраткері, математик, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор Асқар Жұмаділдаев атындағы жас математиктердің халықаралық олимпиадасы Қызылордада осымен екінші рет жалауын желбіретті. Бұл білім бәйгесі 2014-2018 жылдар арасында 5 мәрте қалалық деңгейде ұйымдастырылыпты. Жыл өткен сайын қатысушылардың саны арта түскендіктен, тағылымы мол шараның ауқымы да кеңейген.
Асқар Жұмаділдаев, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор:
- Биылғы олимпиаданың тағы бір ерекшелігі бір есепті мен қосатын болып тұрмын. Кім оны шығара алады, гран при алады. Бірақ ол мектептің есебінен сәл жоғарылау. 1 курс деңгейіндегі, яғни ол мұғалім болғасын жас балдардың емес, сәл үлкендеу болу керек. Бұл жарияланған есеп. Белгілі есеп. «Америка математикалық айлығы» деген журнал бар. Сонда менің жиырма шақты есебім шыққан.
Авторлық есептің шашімін тапқан жас математикке олимпиада жүлдесінен бөлек Асқар Жұмаділдаев өз атынан қосымша қаржылай сыйлық берілетінін атап өтті. Айта кетейік, байқаудың жалпы жүлде қоры 3 миллион 600 мың теңгені құрайды.
Бауыржан Кеңесов, олимпиадаға қатысушы:
- Ерекше көңіл аударылады бұл есептерге. Енді 1 миллион теңге бас бәйге болғандықтан есептер де өте мықты есептер болады деп ойлаймыз енді. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар жігіттер, қыздар жеңіп шығады. Біз де жеңімпаз қатарынан болуға үміттіміз.
Бұл шараны өткізудегі мақсат математика пәні мұғалімдерінің кәсіби шеберлігін шыңдап, шығармашылығын дамыту және білім деңгейін арттыру,-дейді ұйымдастырушылар.
Нұрлан Жақыпбеков, Айтмұхамбет Байділдаев