Отандық ғалымдар ежелгі түркі жазуын зерттеп жатыр
Отандық ғалымдар көне түркі жазбаларын терең зерттей бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Көкшетауда өткен «Түркі жазбалары және ономастика» атты халықараралық конференция барысында атқарылып жатқан жұмыстар айтылды.
Түркітанушылар көне түркі жазбаларының тарихын саралап, зерттеп-зерделеу кезіндегі өзекті мәселелерді бірлесе талқылады.
Түбі бір түркі тілдес халықтарды көп дүние байланыстырады. Соның негізгісі – көне түркі жазбалары. Қазіргі таңда қазақстандық ғалымдар ескі жазуларды терең зерттеуге бет бұрды. Тасқа қашалған таңбалардан өткенімізді аңғаруға болады, - дейді зерттеушілер. Ендігі кезекте құнды мұраны жастардың санасына сіңіріп, насихаттау жұмыстарын күшейту маңызды.
Тұрсынхан Зәкенұлы, тарих ғылымдарының докторы:
- Түркілік жазу ғана емес, ол – біздің түркілік құндылығымыз. Мемлекеттілігіміздің негізі көне түркі жазбалары. Оны бүкіл Қазақстанда, бүкіл түркі әлемінде насихаттауымыз керек. Әсіресе түркі әлемінің қара шаңырағында отырған біз үшін «козырь» болу керек . Түркі елдерімен қарым-қатынасымыз да, сыртқы әлеммен қарым-қатынасымыз да өзіміздің мемлекеттілігімізді дәлелдеп, жазу мәдениетіміздің бар екенін паш етуде ол – таптырмайтын дерек.
Конференция барысында аймақтағы ономастика саласындағы жұмыстар да пысықталды. Өңірде атауы идеологиялық тұрғыдан ескірген елді мекен мен көшелерге жаңадан атау беріліп жатыр. Мәселен, былтыр 30-ға жуық ауыл бұрынғы тарихи атауын қатадан алды. Осы бағытта арнайы ономастикалық комиссия құрылып, оның құрамына бірқатар тарихшы ғалымдар кірді.
Жамбыл Артықбаев, тарих ғылымдарының докторы, профессор:
- Ақмола жерін қарасақ, Махмұд Қашқари сөздігінде айтылатын толып жатқан топонимдер, ономастикалар біздің жеріміз де кездеседі. Мәселен, Астанадан бері қарай шықсақ «Дамса» деген атауды көруге болады. Ондай атау Түркияда да бар. Я болмаса бері қарай «Мықтың көлі» деген жер бар. «Мық» деп біз көне заман, қола дәуірінің халықтарын айтамыз.
Аймақта байырғы тарихи атауын сақтап қалған бірнеше елді мекен бар. Алдағы уақытта ғалымдар осы ауылдарда зерттеу жұмыстарын жүргізбекші. Ал биыл Ақмола облысында 60 елді мекенге жаңа атау беріледі.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Щинкоренка.