Қарағандыда оқушылар зияткерлік ойын ойлап тапты
Қарағандылық 7-сынып оқушысы Ақнұрай Амангелді «Білім баттл» деп аталатын зияткерлік ойын ойлап тапты.
Оны паттенттеп, авторлық құқық алған. Осылайша балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруды көздейді. Ойынның ережесі қандай, несімен қызық?
«Білім баттл» деп аталатын үстел ойынын бір мезгілде 4 бала ойнай алады. Сұрақтарға жауап берген сайын тасы ілгері жылжып отырады. Мәреге алғаш жеткен адам жеңімпаз атанады. Автор алғашқы ойынды Сайын Мұратбековтың «Жусан иісі» шығармасына арнаған.
Ақнұрай Амангелді, оқушы:
- Бұл тақырыпты таңдаған себебім - ол қазіргі жасөспірімдердің көркем әдеби шығармаларды оқуға деген қызығушылықтарының төмендігі. Оның үстіне қазіргі таңда қазақша үстел ойындары жоқтың қасы. Осы ойын тиімді болып табылады. Өйткені бұл жердегі карточкалар мен жауап кілттерін ғана ауыстырып біз кез-келген шығармаға осы ойынды қолдана аламыз.
Тақтада 4 карта бар. Алғашқысы «Кейіпкерді таңда» деп аталады. Оқушы шығарма кейіпкеріне қатысты сұрақтарға жауап беру керек. Екінші «Ойзерек» картасын таңдаған бала суретке қарап оқиға желісін баяндауы қажет. Үшінші «Сөз көркемде» көркемдеуіш құралдарына жататынын сөздерді табуы тиіс. Ал соңғы «Сурет сюжет» картасында кескінге қарап эпизодтарды айтып береді.
Наргиз Оспанова, оқушы:
- Эпитет, метафора, теңеу деген көркемдегіш құралдарды көбісі түсіне бермейді. Осы ойын арқылы біз көркемдегіш құралдардың маңызын, олардың нені білдіретінін меңгердік.
Автор жобаны 6 айда жасаған. Жуырда авторлық құқығын қорғап, патент алыпты. Қазір ол ойынның мобильді нұсқасын жасап жатыр.
Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар