Ақтаудағы мектепте 17 жұп егіз бала оқиды
Ақтаудағы №12 мектепте 17 жұп егіз бала білім алады.
Соның 9-ы биыл 1-сыныпты аяқтайды.
Былтыр мектепке осынша егіз келгенде ұстаздар да таңқалған екен. Бір-бірінен аумайтын бүлдіршіндерді бастапқыда бір сыныпта оқытпақ болған екен. Бірақ мұғалімдерге бәрін бірдей айыру қиын болатындықтан бірнеше сыныпқа бөлген.
Бүгінгі дәріс отбасы тақырыбына арналған. Медина мен Адина сабаққа тыңғылықты дайындықпен келгенін байқатып, мұғалімнің сұрағына мүдірмей жауап берді. Бірінен-бірі аумайтын оқушылардың киімге талғамы да бірдей екен. Егіздерді әжесі мектепке әкеліп, алып кетеді.
Сәнипа Арықпанова егіздердің әжесі:
- Егіздер көп осы мектепте. Әрқайсы әр класта. Бес балам бар. Үлкен баламның үшінші балалары егіз. Өзіміз де таңқалдық егіз болады дегенде. Қуанғанымыздан бірімізге айтпай, жасырдық. Тіл тиіп кетеді деп қорықтық. Аллаға шүкір, міне 1-класты бітіріп жатыр.
Егіздер Әминат пен Аянатты да әжесі сабақтан соң күтіп алады. 4 баланың анасы үлкен перзентінен егіз немере көргеніне қуанышты. Бұрын әулетте егіздер болмаған. Бет-әлпеті сырт көзге ұқсас көрінетін қыздар сабақта үлгілі, үйде тындырымды.
Жұмазия Айтболатова, егіздердің әжесі:
- Менің ойымша, егіз баққан оңай, жалғыз балаға қарағанда. Себебі, ешкімді іздемейді. Өздерімен өздері ойнайды. Киім алу жағынан кішкене қиындық болмаса, былай егіз баққан оңай. Екеуіне бірдей алу керек, бір алғанда.
Жаннат Әнесованың ұстаздық еңбек өтілі осы білім ұясында 1985 жылы басталған. Бүгінге дейін 30-дай егіз оқушының мектеп бітіргенін айтады.
Жаннат Әнесова, мектеп директоры:
- Былтыр 1-сыныпқа 265 бала қабылданып еді. Сыныптарға бөліп жатырғанда қарасақ, 9 егіз шығып тұр екен. 12-сынып ашқасын соларды бір-бір сыныпқа бөліп отырғыздық. Ал жалпы қазіргі таңда оқып жатқан 17 егізіміз бар. Олар 3,4,5 және 8,9-сыныпта. 9-сыныпты егіз қыз бен бала бітіріп жатыр.
Білім ордасында 45 ерекше күтімдегі оқушы бар. Соның бірі егіздер. Мирастың бауыры Диастың жанында тьютор отырады. Әлеуметтік қызметкер сыныпқа кедергі келтірмей, мүмкіндігі шектеулі балаға сабақ түсіндіреді.
Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев