Өскемендегі «Білім инновация» лицейіне 30 жыл толды
Осы уақыт аралығында білім ошағы талай дарынның қабілетін ашты, деп хабарлайды «Хабар 24».
Олар әлемнің түкпір-түпкірінде қызмет етіп, елдің беделін көтеріп келеді. Халықаралық негізде ашылған мекеме мерейтойға орай салтанатты жиын өткізіп, жеткен жетістіктерін саралады.
«Білім инновация» лицейінің білім мен ғылым жолындағы еңбегіне 30 жыл. Бұл алдымен мұғалімдердің тынымсыз тірлігі деген сөз. Сондықтан салтанатты мерекеде осы азаматтарға құрмет көрсетілді. Мерейтойлық төсбелгілер мен алғыс хаттар табысталды.
Біржан Әуезов, «Білім инновация» лицейінің мұғалімі:
- Негізгі жұмысымыз тек қана пән беру емес, балаларды тәрбиелеу, иә, бірақ маған осы мектептің үйреткені, балаға тәрбие бермес бұрын алдымен өзіңді тәрбиелеп ал, яғни бірінші кезекте мен өзімді тәрбиелеп жүрмін де осы жерде.
Ең әсерлі сәт осы лицейді 20-30 жыл бұрын аяқтаған түлектердің ыстық ықыласын тыңдау болды. Әлемнің әр түкпірінде қызмет етіп жүргендердің біразы бейнеқұттықтаулар жолдады. Ал бір тобы сахнаға шығып, естеліктерін бөлісті. Лицейге 5млн теңгенің сертификатын сыйға тартты.
Нұрбол Тутебаев, «Білім инновация» лицейінің түлегі:
- Енді бүгін өте қуаныштымыз. Барлық лицей ұжымын, түлектерді мұғалімдерді көргенімізге. Қайтадан лицей төрінде жүріп, оқу оқып жүргендей сезініп отырмыз, бүгін өте қуаныштымыз.
Лицей білім додасында ел туын талай желбіретіп келеді. Жақында өткен халықаралық Менделеев олимпиадасында 11-сынып оқушысы қола жүлде алып келді. Қазір мұндағы дарындылар Балқан олимпиадасында бақ сынауға дайындалып жүр.
Рахман Өксюз, «Білім инновация» лицейі КММ директоры:
- Біріншіден, оқушыларымезбен, дарынды балаларымызбен жұмыс жасап отырмыз, екіншіден, олармен жұмыс жасайтын дарынды ұстаздарымыз бар және бізге әрдайым қолдау көрсеткен ата-аналарымыз бар. Білім басқармасы, Дарын орталығы қолдау көрсетіп отыр, олардың барлығы жиналғаннан кейін нәтиже де, жетістік те болады.
Оқушылар мұнда 7-сыныпқа қатаң сынақпен қабылданады. 3 тілде білім алады. Ағылшыннан шетелдік стандартқа сай жоғарғы оқу орындары мойындайтын сертификат алып шығады. Қазір лицей қабырғасында 216 бала оқып жүр. Яғни, бұл білім ордасы әлі талай дарынды түлетеді.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов.