Елде әлемдік университеттердің филиалы ашылады
Білім болмаса, Қазақстан әрі қарай дами алмайды. Мұны Мемлекет басшысы айтты.
Солтүстік Қазақстан облысына сапары кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев Манаш Қозыбаев атындағы университетке барып, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен танысты. Оқу орнында 6 мыңнан астам студент бар. 1500 орындық 4 жатақхана салынып жатыр. Бұл білімгерлерді жатын орынмен толық қамтуға мүмкіндік береді. Жақында оқу-зертхана корпусы ашылды. Сөйтіп, бұл жерде студенттер мен оқытушылар түрлі тәжірибе және ғылыми зерттеулер жүргізе алады. Мемлекет басшысына ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын бағалаудың технологиялық мүмкіндіктері таныстырылды. Сосын Президент ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттарына арналған зертхананы көрді. Бұдан бөлек, инновациялық әдістер, симуляциялық оқыту және практикалық дағды орталығында болды. Бүгінде Қозыбаев университеті АҚШ-тағы Аризона университетімен бірлесіп, қос дипломды білім беру бағдарламасын жүзеге асыруды бастады. Президент біз жетекші университеттердің елімізде филиалдарын ашуға шақырамыз деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Білім, білім мәдениеті болмаса, Қазақстан әрі қарай дами алмайды. Жақында біз Ғылым академиясына реформа жүргіздік, өте танымал әрі практик ғалымды президент етіп тағайындадық. Ғылым жөніндегі жоғары кеңестің бірінші отырысын өткіздім. Таяу арада сіздер де ғалымдар мен тәжірибелі мамандардың қатарын толықтырып, мемлекетіміздің дамуына елеулі үлес қосасыздар деп санаймын. Мен жастарға сенемін.