Шымкентте үздік оқушыларға құрмет көрсетілді
Биылғы оқу жылында Шымкенттік өрендер 600-ден астам халықаралық және республикалық деңгейдегі сайыстарда топ жарды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылған шарада жылды табысты қорытындылаған талапты оқушыларға құрмет көрсетіліп, Абайдың шығармалар жинағы тарту етілді.
Сонымен қатар талантты балалардың қолынан шыққан туындылар көрмесі ашылып, концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.
Қосымша білім беру ұйымдары шымкенттік оқушылардың қабілетін жан-жақты шыңдап, жетістікке жетеледі. Көрмеде робототехника мен ІТ технология саласындағы үздік еңбектер таныстырылды. Сонымен қатар білім көкжиегінде дарынды оқушылардың дара шыққанын дәлелдейтін марапат қағаздары мен медальдары ұсынылды.
Сымбат Осатай, №1 мамандандырылған IT–мектеп интернатының оқушысы:
- Біздің мектеп республикалық ғылыми жобалар байқауының көрсеткіші бойынша «Ең үздік ғылыми жоба мектебі» наминациясын 3 жыл қатарынан иеленіп келеді. Біздің оқушылардың арасынан әрбір оқушы осындай грамоталарға лайық деп ойлаймын.
Алып шаһарда оқушы саны да жыл санап артып келеді. Қарқынды құрылыстың нәтижесінде үш ауысымда білім беретін 21 мектептің небәрі үшеуі ғана қалды. 246 білім ордасын 12 мыңға жуық оқушы аяқтайды. 3 мыңға жуық түлек – «Үздік аттестат» пен «Алтын белгіге» үміткер. Шарада қала әкімі белсенді жастарды құттықтап, оларды қолдауға бағытталған жұмыстарды жария етті.
Мұрат Әйтенов, қала әкімі:
- Соңғы 3 жылдың өзінде 86 мектеп, 95 балабақша, соңғы үлгідегі 2 оқушылар сарайының құрылысын жүргізіп, оның біреуі биыл пайдалануға берілсе, 2 өнер мектебі, 10 орталық, тұрғын үй аумағына 202 спорт және 640 ойын алаңы салынды.
Жүзуден республикалық турнир басталды
Сонымен қатар атаулы күнге орай жасөспірім қыздар мен ұлдар арасында жүзуден республикалық турнир басталды. Барлық аймақтан 368 спортшы өзара үздігін анықтайды.
Шымкентте жүзу спортымен 1500-нан аса адам кәсіби түрде шұғылданады. Олардың қатары тағы да артатыны сөзсіз. Себебі шомылу маусымының алдында жаңа жүзу кешені қолданысқа берілді.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов.