Ұлытауда алыс ауылдағы мектептерге автобус беріледі
Ұлытау облысында шалғай ауылдардағы оқушыларды тасымалдау үшін мектептерге 10 автобус алынды.
Бұл мақсатқа жергілікті қазынадан 462 миллион теңге бөлінді.
Соңғы үлгідегі екі техника мектептерге табыс етілді. Қалған автобустар жаңа оқу жылына дейін балалар игілігіне беріледі.
Жезқазғанның іргесіндегі Қабанбай батыр ауылында мектеп жоқ. 130-дан астам оқушы облыс орталығына жалдамалы көліктермен қатынауға мәжбүр болатын. Жаңа қос көліктің бірі сол ауылдың балаларына бұйырып отыр.
Тұмарым Айқын, оқушы:
- Иә, жаңа автобус беріліп жатыр. Сол үшін өте қуанып тұрмын. Бұрыңғы автобустар, бізде тұрақты автобус болмады. Ауысып тұрды автобустар. Сол себепті қазір тұрақты автобусымыз бар.
Ал екінші автобус Жаңаарқа ауданындағы Қызылжар кентіне берілді. Елді мекен теміржол бойында орналасқандықтан балаларға мектепке жету біраз қиындық тудыратын. Енді бұл мәселе шешімін тапты.
Берік Әбдіғалиұлы, облыс әкімі:
- Алыста тұратын балаларды мектепке тасымалдау үшін арнайы бағдарлама жасалған. Бұл балаларды мектепке жеткізумен қатар, оларды облыстық, аудандық түрлі сайыстарға тасымалдауға қолданылатын болады.
Жалпы облыс бойынша бір мыңнан астам бала мектепке автобуспен қатынайды. Техникалардың қазіргі жағдайы мәз емес. Бәрі ескі. Алдағы екі жылда мектеп автобустары толық жаңартылады деген жоспар бар.
Сапура Төлекова, білім басқармасының басшысы:
- Тасымалдау процесі барлық жерде қарастырылған. Дегенмен, қолданыста жүрген көліктерді жаңарту қажеттігіне байланысты біз биыл 10 сатып алатын болсақ, келесі жылы тағы 10 көлік сатып алатын боламыз.
Жаңа оқу жылы қарсаңында қалған 8 автобус Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал қалаларының білім ордаларына беріледі. Ал табиғаты қатал Ұлытау ауданындағы ауылдар жолға төзімді шағын автобустармен қамтылады.
Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева