Көкшетауда Азаматтық қорғау академиясынан 137 адам диплом алды

Көкшетаудағы Мәлік Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясының түлектері диплом алды.

Бұл жолы 137 жас офицер төтенше жағдайлар министрлігінің қатарына қосылды. Оның үшеуі Қырғызстан мемлекетінің өкілі. Барлық түлек республиканың әр аймағындағы өрт сөндіру бөлімдеріне жолдама алды. Қазақстандағы құтқарушыларды дайындайтын жалғыз жоғары оқу орны осымен түлектердің 25-легін ұшырды. Білім ошағы жалпы бес мыңнан астам маман дайындаған. Ал жаңа түлектердің арасынан үздік атанған бір курсантқа 100 мың теңге бір реттік шәкіртақы берілді. Салтанатты шара түлектердің сап түзеу және офицерлік қоштасу вальсімен аяқталды.

Әркен Әлімханов, түлек:

- 4 жыл әрине оңай болған жоқ. Осы сәтті мен қатты күттім. Қазір кішкене қобалжып тұрғаным да содан. Мен өзім Талдықорған қаласының тумасымын. 9-сыныпта өзіме осы оқуды арман етіп қойдым. Міне бүгін сол арманыма жетіп отырмын.