АҚШ-та оқып жатқан студенттер «Болашақтың» мерейтойын атап өтті
Қазақстанның «Болашақ» бағдарламасына биыл 30 жыл.
Мерейтойға орай АҚШ астанасында білім алып жатқан студенттер Джордж Вашингтон университетінің ауласына шие ағашын екті.
Жастар әлемнің үздік оқу орындарында білім алуға мүмкіндік берген елімізге алғысын осылай білдірді. Ең маңыздысы мемлекеттің басты байлығы адамның оқуына жұмсалған инвестиция әрқашан ақталады, дейді олар.
Джордж Вашингтон Университетінің ғылым және техника корпусының алдында «Болашақ» терегі тамырын тереңге жіберді. Шие ағашы жыл сайын құлпырып гүлдеген сайын еліміз де гүлдене берсін деген тілектен
Мақпал Мұқанова, Джордж Вашингтон Университетінде тағылымдамадан өтуші:
- Көптеген елдерден таныс тауып жатырмыз. Олар бізден бағдарлама туралы сұраған кезде өте қатты қызығады. Себебі біздің бағдарламада толыққанды бізге мүмкіндік береді ғой бізге. Осы жерге келіп, барлық білімді алып барлық ресурсты алуға.
Ерасыл Тілеудин, Джордж Вашингтон Университетінде тағылымдамадан өтуші:
- Осындай болашақ бағдарламасы сияқты әр мемлекетте жоқ. Мысалы, Америка Құрама Штаттарындағы өздері ақша бөліп, кредит алып сол кредитін төлеп жүреді екен. Біздің мемлекетте осы Болашақ бағдарламасы ақша аямай, студенттерді жан-жаққа жіберіп оқытып жатыр.
Көшеден ары-бері өткен шет елдік студенттер де бірден назарын аударды. Суретке түсіп, арнайы QR арқылы білім бағдарламасы туралы оқып жатты. Әзербайжан студенті Али Мамодов та Қазақстанның ең басты байлығы адам капиталын дамытуға салған инвестициясы көпке үлгі екенін айтады.
Али Мамодов, Әзербайжан студенті:
- Бұл бағдарлама қазақ студенттері үшін үлкен мүмкіндіктер ашады. АҚШ сияқты мемлекеттерге келіп білімін жетілдіреді. Көп достарым бар. Шынымен, бағалауға тұрарлық бағдарлама.
«Болашақтың» 30 жылдығына орай АҚШ университеттермен дөңгелек үстел өтті. Осы уақыт аралығында екі елдің өзара білім саласындағы жеткен жетістіктері сөз болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 500 ғалым жобасы аясындағы жұмыстар жан-жақты таныстырылды. Әсіресе, қай салада маман дайындауға басымдық берілетіні айтылды.
Фанта Ау, халықаралық педагогтар қауымдастығының бас директоры:
- Болашақ бағдарламасын 30 жылдық мерейтойымен құттықтаймын. Біз ең алғаш болып байланыс орнатқанымызды мақтан тұтамыз. Бұл шынымен жастарды қанаттандыратын, білім нәрімен сусындататын, кәсіби өсуіне жақсы жағдай жасаған елдің қамқорлығы. Олар АҚШ-та алған білімін, отанына барып ел игілігіне жаратады.
Болашақ бойынша 30 жылда әлемнің үздік оқу орындарында 12 мыңға жуық қазақстандық білім алды. Тек АҚШ-та қазір 623 стипендиат бар екен.