БҚО-да «Қауіпсіз балалық шақ» акциясы жалғасып жатыр
Батыс Қазақстан облысында "Қауіпсіз балалық шақ" акциясы жалғасып жатыр.
Ведомствоаралық комиссия мүшелері Шаған және Деркөл өзендерінің бойымен жүзіп, жағалауда ересектердің бақылауынсыз суға түсіп жатқан балаларды анықтады, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Акция аясында тек қана су емес, өрт және еңбек қауіпсіздігіне, балалардың түнгі уақытта көше кезбеуіне баса назар аударылады. Ата-аналармен де байланыс күшеймек. Себебі жазғы демалыс кезіндегі оқыс оқиғаның басым бөлігі ең алдымен баланың қараусыз қалуынан болады, дейді комиссия мүшелері. Сонымен бірге жағажайлар мен қоғамдық тамақтану орындарына, лагерьлерге де талап күшеймек.
Бақытжан Нарымбетов, облыс әкімінің орынбасары:
- 1 маусымнан балалар ата-аналардың бақылауында. Сол себепті де әртүрлі жағдайлар туындайды. Қарапайым ғана ата-аналар тарапынан қауіпсіздік шаралары, балаларына мұқият қарау мәселелері босаңсуы болып тұрады. Сол себепті де кейбір келеңсіз жағдайлар немесе қиын жағдайларға орын алып жатыр. Сондықтан бұл жұмыс балаларға ғана емес, солардың жауапты ата- аналарына, туысқандарына жүргізіледі.