Физмат мектебінің жоғарғы сынып оқушылары төменгі сыныптарға тегін сабақ үйретіп жүр
Астанадағы республикалық физика-математика мектебінің жоғары сынып оқушылары орта және бастауыш сыныпта оқитын бүлдіршіндерге математика, алгебра, геометрия пәндері бойынша тегін сабақ өткізіп жүр.
"Жарық жұлдыз" жобасы көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға арналған. "Мықты аналар" және "Білім ал" орталықтар да бұл игі бастаманы қолдап, ұстаздық еткен волонтер жастарға өтеусіз негізде бөлек кабинет ұсынды. Енді болашақ репетиторлар ізінен ерген оқушылардың білімін жетілдіріп, өздерінің де тәжірибесін шыңдай алады.
Фирдаус Төреқожа, жобаға қатысушы:
- Маған өте сапалы білім беріп жатыр. Мен түсінбеген тақырыптарды үйреніп жатырмын. Және маған мұғалімдердің өздері ұнайды. Бізге мотивация береді.
Камила Галеева, волонтер:
- Қазір 3 оқытушы болып жұмыс істейміз. Мен және менің екі құрбым бар. Онлайн және офлайн оқыта аламыз. Жас оқушыларға үй тапсырмасын орындауға көмектесеміз. Түрлі сұрақтарына жауап беріп, кеңес береміз. Мұндағы әр топ аптасына екі рет қатысып отыруы керек. Әр сабақ 2 сағатқа жалғасады. Алдағы уақытта басқа да пәндерді қосып, тестілеу жүйесін енгізгіміз келеді.