Батыста жазғы еңбек жасақтары жұмысқа кірісті
Баты.с Қазақстан облысында жазғы еңбек жасақтары жұмысқа кірісті.
Студенттер мен жұмыссыз жастар, келісімшарт негізінде құрылыс аумағына елді мекендерді көгалдандыру және саябақтарды күтіп-ұстау жұмыстарына жұмылдырылып жатыр. Аймақта осы бағытта, бюджет есебінен 1500-ге жуық квота бөлінген.
"Менің атым Қожа" фильмінен үзінді
- Білесің бе, Қожа?! Мен қырықтыққа баратын болдым.
- Қалай? Өзің айтып едің ғой, біз шөп шабуға бармайтын ба едік?
Жазғы еңбек маусымы – жастар үшін тиімді мүмкіндік. Өйткені табыс тауып, әрі мол тәжірибе жинақтауға болады. Есбол мен Ербол осындай пікірде. Олар университетте құрылысшы мамандығына оқып жатыр. Ал жазғы демалыста екеуі де студенттік құрылыс жасағының қатарына қосылуды ұйғарыпты. Ағайындылар жатақхананы жаңғырту жұмыстарына тартылған.
Ербол Бейсов, студент:
- Штукатурка жасап жатырмыз және грунтовка жағып жатырмыз. Кафельдерін түзеп жатырмыз. Газ турбаларын краскілеп жатырмыз. Ондай қатты қиын емес. Бәрі оңай.
Ербол Бейсов, студент:
- Осы стройотрядтан тапқан ақшаға өз керек-жарағымды аламын. Менің мамандығым осы құрылыс инженериясы. Осы стройотряд болашақта көптеген үлесін қосады деген ойдамын.
Ал Айбек жақында әскерден оралды. Ол да демалыста құр жатпай, «Жасыл ел» жасағына қосылуға өтініш беріпті. Қазір өзге де еңбекқор жастармен шаһарды көгалдандыруға білек сыбана кіріскен.
Айбек Тілешов, "Жасыл ел" еңбек жасағының сарбазы:
- Гүл отырғызу, тастөсемдерін ауыстыру жұмыстарымен айнасылып жатырмыз. Бұл жер – керемет жұмыс орыны. Жастарға деген үлкен мүмкіндік деп өзім есептеймін. Жалақысы 90 мың теңгеден асады. Өзімнің оқуыма және ата-анама жұмсаймын деп ойлаймын.
Биыл облыста студенттік құрылыс жасағына 300 квота, ал «Жасыл ел» жасағына 1175 квота бөлінген. Жастарға жұмыс беруші тараптан жалақы, ал штабтан үстемақы төленеді.
Қасиет Балмолды, жазғы еңбек жасақтары облыстық штабының жетекшісі:
- Қазіргі таңда маусым айына 400-ге жуық сарбаз уже жұмысын бастап кетті. Оның ішінде 100-і қала бойынша жұмыс істеп жүрсе, қалғаны аудан бойынша жұмыс істейді. Біздер 35 394 теңге үстемақы аударамыз. «Жасыл ел» жасақтарына қатарына 16 және 35 жас аралығында қабылдаймыз. Кәмелет жасқа толмаған балалар таңғы сағат 9-дан кешкі 17:20-ға дейін жұмыс істейді. Негізі жұмыс уақыты кешкі 6-ға дейін.
Еңбек маусымы күзге дейін жалғасады. Қазір қосымша жасақтар құрылып жатыр. «Қатарға қосылуға ниет білдірген жастардың легі аз емес», - дейді штаб өкілдері.
Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов