Павлодарда 108 мың бала лагерьге барады
Биыл 108 мыңнан астам павлодарлық оқушы жазғы лагерьге барады.
Жеткіншектердің бос уақытын тиімді өткізу үшін жаңа бағдарлама әзірленген. Айта кеткен жөн балаларды сапалы демалыспен қамту үшін демеушілер де атсалысып жатыр.
Арина Голяшова қазақтың ұлттық өнерін терең зерттегісі келеді. Мақсатына қол жеткізу үшін сырмақ жасау және киіз басу үйірмесіне жазылған. Бірнеше апта ішінде ұлттық бұйым жасаудың әдіс-тәсілін иеңгерген.
Арина Голяшова, оқушы:
– Жаз мезгілін қызықты өткізу үшін сырмаққа жазылдым. Сырмақты шиді орап жасаймыз. Сосын тоқуды үйренеміз. Ұлттық өнер ата-бабамыздан қалған. Соны үйренуге келдім.
Ал Асанәлі Сағындық домбыраға құмар. Оқу жылы аяқталысымен жазғы лагерь шеңберінде осы үйірмеге баруды шешіпті.
Асанәлі Сағындық, оқушы:
- Домбыраның құлағында ойнағым келеді. Бұл халқымыздың ұлттық аспабы ғой. Түрлі күйлер, әндерді орындасам деймін. Жазғы лагерьде бірнеше үйірмеге қатар барып жүрмін. Астрономия да ұнайды.
Педагог мамандар балалардың бос уақытын тиімді өтізуден бөлек саналы тәрбие беруді де көздейді. Мәселен, жасыл технологиялар үйірмесіне келіп жүрген ұл-қыздар экологиялық мәдениетті сақтауға үйренеді.
Айгерім Оразбаева, облыстық оқушылар сарайы BioGreen үйірмесінің жетекшісі:
- Оқушылар «Экологиялық колейдоскоп» шеберлік сабағына келді. Оларға экологиялық ережелерді сақтау, қоқыстарды сұрыптау негіздерін үйретеміз. Өсімдіктерді өсірудің гидропоника, аквапоника әдістерін де меңгереді. Бұның барлығы оқушыларды табиғатымызды аялауға баулиды.
Облыстық оқушылар сарайының ұжымы жазғы каникулда жеті мыңнан астам жеткіншекті демалыспен қамтымақ. Жасыл технология, астрономия, робототехника, айти, вокал, визаж, сән өнері. Мектепалды лагерьлерінде сан түрлі бағыт бар. Оқушылар кез келгенін таңдай алады.
Әсем Аипова, облыстық оқушылар сарайының әдіскері:
– 50-ге жуық студия мен клуб жаз мезгілінде балаларға білім береді. Балалардың қызығушылығы өте жоғары деп айтуға болады. Жаз айында, сонымен қатар, үлкен сұранысқа ие «Джуманжи каникулы» деген лагеріміз бар. бұл жерде балалар өздерінің қалауы бойынша үйірмелерді таңдайды. Ағылшын, қазақ тілі, орыс тіліген сабақтар өткізіледі.
Ұл-қыздарды сапалы демалыспен қамту үшін демеушілер де атсалысып жатыр. «Жазғы жолдама» әлеуметтік жобасы шеңберінде «Қазақстан халқына» қоры оқуда, спортта, өнерде үздік атанған ауыл балаларына 900-ден астам жолдама береді. Ал әлеуметтік санатқа жатқызылған отбасылардың ұл-қыздары мемлекет бюджеті есебінен демалады.
Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков