Мемлекеттік басқару академиясы 8 докторант пен 162 магистрант даярлап шығарды
Биыл Мемлекеттік басқару академиясы 8 докторант пен 162 магистрант даярлап шығарды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бүгін түлектерге салтанатты түрде диплом табысталды. Сондай-ақ басқару институтының 4 магистранты Академия және Финляндия елінің Сейняйоки қолданбалы ғылымдар университетінің қосдипломдық бағдарламасымен білім алды. Түлектер білімдерін қызмет бабында шыңдай түсетінін айтады. Кәсібилік пен патриоттық қасиетті қатар ұстауға уәде берді.
Ерлан Әбіл, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры:
- Өңір-өңірден мемлекеттік органдардан, жауапты қызметтерден келген қызметшілер қайта оралады. Академия қабырғасында алған білім өнегесін кең қолданады деп сенеміз. Магистранттарымыз биыл магистрлік жобаларда докторлық диссертация жазу кезінде бірқатар ұсынымдар жазған болатын. Сол ұсынымдарды мемлекеттік органдарға жіберетін боламыз.
Біржан Әлімжанов, магистрант:
- Оқу барысында біз тек қана еліміздің мемлекеттік органдарының жұмысымен танысып қана қоймай, шетелдік тағылымдамада болдық. Келесі кезектегі мақсат – әрқайсымыз өңірге оралып, жұмыс істеп жатқан саласын дамытуына жаңа леппен, жаңа талпыныспен үлесін қосу.