Бурабайдағы Media Bootcamp мектебінде жас журналистер қаламын ұштайды
“Media Bootcamp” жазғы мектебі.
Бұл Бурабай демалыс аймағында жас журналистер тәлім алатын алаң. Қаламгерлердің кейінгі толқыны медиа саласындағы тың дүниелерді көріп, үйреніп, қаламын ұштайды. Ұйымдастырушылар Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Қазақстандық қоғамдық даму институты.
Жоғары оқу орындарында білім алатын 3, 4-курс студенттері мен магистранттардың коммуникативтік дағдылары мен біліктілігін арттыратын жазғы мектепке елдің түкпір-түкпірінен жастар жиналды. Университетте алған теориялық білімді практикамен ұштастыратын алаңда жас журналистер ерекше белсенді.
Дархан Қыдырәлі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
- Сіздерге тәжірбиелі, талантты өз ісінің майталман мамандары дәріс оқыды. Үш күннің ішінде үш жылға татитын практикалық дәріс болды ғой деп ойлаймын Ақпарат ағыны өте тез өзгеруде, соған сәйкес медиа ландшафт, қоғамдық пікірлер терең трансформацияға түсуде, мүлдем жаңа құбылыстар болуда, сондықтан біз осыған бейімделуіміз керек, соны игеруіміз керек.
“Media Bootcamp“ бағдарламасы аясында панельдік сессиялар, уоркшоптар ұйымдастырылды. “Жасанды интеллекттің журналистикаға әсері”, “Деректі фильм: идеядан эфирге дейін”, «Digital First Content: әлеуметтік желіге контентті бейімдеу механизмі мен ерекшеліктері» сияқты заманауи бағыттар қызу талқыланды.
Әл-Фараби Серіков, тілші:
- Дәл қазір жазғы мектеп қатысушылары өз жобаларын қорғап болды. Медиа сарапшылардан жасақталған қазылар өз бағаларын беріп жатыр. Жас журналистер оқу барысында білімін жетілдіріп қана қоймай, білікті мамандармен тәжірбие алмасып, шығармашылық қабілеттерін шыңдай алады.
Жиынның қорытындысында қатысушыларға сертификат тапсырылды. Үздік шыққан 10 қатысушы елдің ірі медиахолдингтерінде ғылыми тағылымдамадан өтеді.
Мерей Жеңісқызы, Сүлеймен Демирель университетінің студенті:
- Өзіме қызық диджитал маркетинг бойынша подкаст мәселелері және біздің ақпаратты журналист ретінде қалай зерттеп, зерделеп оны әртүрлі дереккөздерден анықтап, халыққа қалай нақты ұсыну керектігіне дейін толық мәлімет алып бойымызға сіңірген болатынбыз. Дәл қазір ғана жолдамаға ие болған 10 қатысушының бірі болғанымды біліп өте қатты қуанып отырмын.
Ақниет Тәуірбай, "Medialab" ҚҚДИ орталығының басшысы:
- Тағылымдамадан өткеннен кейінгі келесі мақсатымыз - бұл ақпарат және коммуникация саласында кадрлық резерв дайындау. Бұл жазғы мектептен кейін де өзара ынтымақтастық орнатып бірге жұмыс жасауға, бейресми кездесулер ұйымдастыруға, орта қалыптастыруға өте жақсы серпін береді деп үміттенеміз.
Жазғы мектепте оқуға 98 адам өтініш беріп, оның ішінен 50 жас маман іріктелген. Мұның өзі бәсекелестіктің бар екендігін аңғартады. Әр өңірден келген өрендерді медиа деп алатын бір арнаға тоғыстырған іс-шара келесі жылы да жалғасады.
Әл-Фараби Серіков, Диас Қобыланбаев