Алматы облысының Шалкөде ауылындағы орта мектепке бір ғасыр толды

Алматы облысындағы Шалкөде ауылының орта мектебіне 100 жыл.

Бір ғасырлық білім бұлағынан талай шәкірт нәр алып, әр салада білікті маман атанды. Мерейтойға орай ауыл тұрғындарының ұйымдастыруымен киіз үйлер тігіліп, торқалы той өтті. 

Алмас Садуақас, тілші:

«Шалкөде ыстықсың сен маған, жайнай бер жазира кең далам» деп Шалкөденің тамаша табиғатына тамсанған ақиық ақын Мұқағали Мақатаев өткен ғасырдың 50-ші жылдары Шалкөдедегі орта мектепте орыс тілі пәнінен сабақ берген. Бұл күні ақынның жерлестері мектептің 100 жылдық мерейтойын бар сән-салтанатымен атап өтті». 

1923 жылы Шалкөдеде іргесі қаланған білім шаңырағы Жетісуда ең алғаш салынған санаулы мектептің бірі. Сол кезде мұнда небәрі 20 бала оқыған. Кейін Кеңес Одағы кезеңінде оқушы саны 700-ге жетті. Мектептегі өлкетану мұражайында ұлағатты ұстаздар мен білім ұясының қалыптасу тарихынан мол мағлұмат алуға болады. Нысан бес жыл бұрын толық жөндеуден өтіп, заманауи оқу құралдармен жабдықталды.  

Райхан Оралова, Шалкөде орта мектебінің директоры:

«Оқушыларымыздың білім сапасы жақсы деңгейде. Көбіне жаратылыстануға, математикалық бағытқа мән беріледі. Себебі 1980 жылы осы мектепте алғаш математика сыныбы ашылған болатын. Оған осы аймақтағы ауданнан дарынды балалар келіп, мектеп жанындағы интернатта білім алған». 

Шалкөде орта мектебінен 40-қа жуық ғалым шықты. Алтын ұя ауылдастар үшін қашанда ыстық. Білім шаңырағынан әр жылдары түлеп ұшқан шәкірттер алыс-жақыннан жиналды. Салнататты шарада мектеп ұжымының жетістіктері айтылды. Ұлағатты ұстаздар мен еңбегі елеулі жандарға құрмет көрсетіліп, сый-сияпат жасалды. 

Нұрғалым Жақыпбайұлы, Шалкөде ауылының тұрғыны:

«Қазір қуаныштымыз мына мектепбімізі бір ғасырлық мерекелі тойын жасап жатқанына. Әрине ұстаздарымызға көп рақмет айтамыз. Кезінде біз оқыған мектебіміз қазір жаңарған, жасарған. Жаға технологиямен қамтамасыз етілген. Ризамыз». 

Таудың етегіндегі Шалкөде табиғатымен ерекше. Мұнда талай талантты жан туған. Мектептің бір ғасырлық тойы домбыра үні әуелеген думанға ұласты. Мереке соңында жұрт аламан бәйгені тамашалады.

Алмас Садуақас, Аят Дүйсембаев