Қазақстандық оқушылар Австралияда робототехникадан күміс медаль алды

Қазақстандық оқушылар Австралияда өткен робототехника чемпионатында күміс жүлде иемденді.

Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, жаһандық додаға АҚШ, Канада, Үндістан, Қытай сынды 10 мемлекеттен 300-ден астам оқушы қатысты. USTEM Robotics қорының басшысы Асылбек Мырзахметовтың айтуынша, ұлттық құраманың қоржынына түскен күміс пен екі беделді марапат команданың жоғары кәсібилігін көрсетеді. Сондай-ақ үш күнге созылған жарыс барысында қазақстандық ұландар басқа елдердің өкілдерімен ұлттық ойындарымызды ойнап, мәдениетімізді таныстырды. Естеріңізге сала кетейік, оқушылар осы жылдың ақпан айында Орталық Азия ойындарында халықаралық чемпионатқа жолдама алған болатын. Бұл жеңіс оларға үздік шетелдік университеттердің грантына жол ашады.