Білім грантына 38 мыңға жуық өтінім түсті
Азаматтарға арналған үкімет порталы арқылы мемлекеттік білім грантына өтінім қабылдау қайта жанданды.
Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады. Кеше портал істен шығып, түлектер мен ата-аналар құжат тапсыру үшін жоғары оқу орындарына ағылған еді. Бүгінде техникалық ақау толық жойылған.
Кешеден бері мемлекеттік білім грантына 38 мыңға жуық өтінім түсті. Түлектердің дені құжаттарын педагогика мамандықтарына тапсырып жатыр. Сондай-ақ инженерия, қайта өңдеу мен құрылыс саласына да қызығушылық жоғары. Топ-3 мамандықтардың тізімін ақпараттық-коммуникация технологиясы түйіндеп тұр.
Еске сала кетейік, мемлекеттік грант байқауы шілденің 20-сына дейін жалғасады. ҰБТ-да шекті балл жинаған 135 мың түлектің байқауға қатысу мүмкіндігі бар.
Камиль Ақатов, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі:
- Биыл құжаттарды 3 түрлі жолмен тапсыру мүмкіндігі қарастырылған. Атап айтқанда, азаматтарға арналған үкімет порталы арқылы және жоғары оқу орындарының виртуалды комиссиясына жолдауға болады. Сонымен бірге дәстүрлі жолмен білім ордасының қабылдау комиссиясына тікелей құжат тапсыру мүмкіндігі бар.