Жаңадан құрылған облыстардың жастарына 5 мың оқу гранты бөлінді
Ғылым және жоғары білім министрлігі жаңадан құрылған өңірлердегі жастарды қолдау мақсатында 5000 грант бөлді.
Оның 300-і Ұлытау облысына тиесілі. Мемлекеттік грант иегерлері еліміздегі үздік оқу орындарында білім алады. Жатақханамен қамтылып, шәкіртақы қарастырылған. Оқуды аяқтағаннан соң жұмыс орнын өздері таңдайды. Гранттарды бөлуде жаңа облыстың құрылуына орай сұранысқа ие мамандықтарға басымдық берілді. Сонымен қатар өңірде кадр тапшылығын жою мақсатында облыс әкімдігі тарапынан да ең қажет мамандықтар бойынша қосымша 90 грант қарастырылған.
Сапура Төлекова, білім басқармасының басшысы:
- Педагогикалық ғылымдар бойынша 50, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бойынша 45, жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика саласы бойынша 55 және 150 грант бұл инженерия, өңдеу және құрылыс салаларына беріліп отыр. Халықаралық деңгейдегі жақсы университеттерге, Қазақстанның өте бір маңдайалды университеттеріне де, біздің өңір үшін, біздің өңірдің жастары үшін өте жақсы мүмкіндік.