Тараздық оқушылар инсульт белгілерін анықтайтын «ақылды сағатты» ойлап тапты

Тараздық оқушылар инфаркт пен инсультті уақытында анықтауға көмектесетін «ақылды сағатты» ойлап тапты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құрылғы жағдайы ауырлаған науқастың жақындарына дереу хабар беріп, өздігінен жедел жәрдем шақыра алады.

Тараздық Дулат Исабек пен Адия Тұрсынбай облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицейде оқиды. Олар «Екінші жүрек» деп аталатын смарт сағатын 3 ай ішінде жасап шыққан. Ақылды сағат инфаркт пен инсульт белгілерін уақытылы анықтауға көмектеседі.

Адия Тұрсынбай, жас өнертапқыш:

- GPS адам талған жағдайда, көрсеткіштер төмендеген жағдайда бізде жақын туыстары мен емханаға хабарлама жіберіледі. Міне, бізге хабарлама келді. Басамыз. Міне, талған адамның мекенжайы.

Қолға тағылатын құрылғы жүрек соғысын, қандағы оттегі коэффиценті мен дене температурасын көрсетеді. Жас өнертапқыштар ақылды сағаттың өз қосымшасын да жасап шыққан. Онда жасанды интеллект жұмыс істейді.

Дулат Исабек, жас өнертапқыш:

- Google ассистент көмекшіміз науқас адамның кез келген сұрағына жауап береді. Көбінесе науқас адамдар ұсақ-түйек үшін емханаларға барады. Осы науқас адамның уақытын үнемдеу үшін және де дәрігердің жұмысын жеңілдету мақсатында біз осындай көмекшіні енгіздік. Жұмыс жасауын көрсететін болсақ: «сколько стоит кардиомагнил?». Бірден Google платформасы ашылып, сұрағыңызға жауап шығады.

Ұялы қосымшада дәрігердің бекіткен дәрі ішу кестесі де енгізілген. Жас ғалымдар енді смарт сағатты қалалық емханалардың бірінде іс жүзінде сынап көрмек.

Мейрамгүл Орынбаева, жоба жетекшісі:

- Ол жерде бізге 3 пациент береді. Олардың жас ерекшеліктері әртүрлі. Не себепті? Өйткені әр көрсеткіштер жасына қарай әр деңгейде көрсетеді. Сонымен осы құрылғыны пациент пен дәрігердің ортасындағы байланысты арттыру үшін.

Өнертапқыштар ыңғайлылық үшін құрылғының көлемін кішірейтіп, одан әрі жетілдірмек. Алдағы уақытта қан қысымын өлшейтін қондырғы қосу жоспарларында бар. 

Авторлары: Мерей Бает, Руслан Ахатіллә.