Оқушыларымыз химия пәнінен халықаралық олимпиададан жүлделі оралды
Еліміздің оқушылары химия пәнінен халықаралық олимпиададан жүлделі оралды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Жеңімпаздарды Алматы халықаралық әуежайынан мектеп ұжымы мен ата-аналары күтіп алды. Астана, Өскемен, Павлодар және Ақтаудан іріктелген төрт оқушы Швейцарияның Цюрих қаласындағы дәстүрлі додаға қатысты. Олар – Назарбаев зияткерлік мектебінің және арнайы лицейдің шәкірттері.
10 күндік жарыста білімді жастарымыз 1 алтын, 2 күміс, 1 қола медальға ие болды. Сайыстың бірінші кезеңі теориялық, екіншісі лабораториялық форматта өтті. Халықаралық олимпиадаға 89 елден 360-қа жуық оқушы қатысқан. Тапсырма қиын болғандықтан, жүлдеден үміт аз болды, - дейді жеңімпаздар.
Санжар Бисенәли, Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы:
- 2 тур да, менің ойымша, қиын болды. Бірақ практикалқ тапсырмалар 4 жылдың ішінде бірінші рет жазып отырмыз. Себебі 3 жыл бұрын барлық тапсырмалар оффлайн түрде өткен. Бұл Цюрихте өткен олимпиада – осы 4 жыл ішіндегі жалғыз оффлайн өткен олимпиадалардың бірі.
Азамат Жақсылықов, команда жетекшісі:
- Оқушыларымыз жақсы нәтиже көрсетті. Біздің күткен үмітімізден асып түсті. Біз балаларды маусым айында Қарағанды қаласында дайындағанбыз. Осы практикалық, теориялық дайындық үлкен әсер етті деп ойлаймын.