Елордада оқушылар арасында республикалық зымыран құрастыру турнирінің финалы өтті

Елордада оқушылар арасында өткен QazAstroShift республикалық зымыран құрастыру турнирінің финалы өтті.

Сайысқа елдің түкпір-түкпірінен және Бішкектен 100-ден аса команда қатысты. Бәйгенің үздіктері бүгін Астананың аспанына зымырандарын ұшырды.

Бұл ақ зымыранды құрастыруға елордалық НовоФорс командасы 4 ай жұмсаған. Жас инженерлер бүгін салмағы бір келіге жететін әуе кемесі сұлбасының алғашқы сынағын өткізді. Әрине ғарышқа жете алмады. Дегенмен, толағай жетістіктің алғашқы кірпіші қаланды. Өнертапқыш оқушылар болашақта осы саланы терең меңгеріп, ғылыми жаңалық ашуға ниетті. Ал бүгінгі сайыс талант пен талапты ашуға көп көмегін тигізді дейді олар.

Олжас Тілектес, сайысқа қатысушы:

- Бұл жарыс өте ерекше болғандықтан біз қатысқымыз келді. Өйткені мұндай олимпиадалар бола бермейді. Робототехника. Олардың бүкілі осы кішкентай бөлмеде жасалынады, бірақ ракета масштабты нәрсе. Сондықтан қызық көріп, жасағымыз келген. Бұл  1кг ракета, ол 300 метрге дейін жетеді. 

Мұндай зымыранды қатысушылар қарапайым қанттың көмегімен ұшырған. Жас өнертапқыштар түрлі қозғалтқышпен көпті таңғалдырды. 3 кезеңнен тұрған сайыста алдымен, жас инженерлер онлайн бақ сынасты. Үздік атанған 10 команда финалдық кезеңге шықты. Жылдам әрі биікке ұшатын зымыран сұлбасын жасаған топ жеңіске жетеді.  Сондай-ақ макеттің жерге дұрыс қонуына да назар аударылады.

Шахназар Сайлаухан, ұйымдастырушы

- Біздің жарысымыздың мақсаты - наноспутникті атмосфераға жібере алатын ғарышты жинау. Яғни біздің қатысушыларымыз түрлі өзінің кретивтілігін қолданып, наноспутникті жібереді. Ол жерге ауа ылғалдылығын, атмсофералық қысымды және басқа ақпаратты жібереді. Орташа олар 70 метрге дейін жетуі керек. Бірақ одан да көп ұшуы мүмкін. 

Ғарыш саласын дамыту елдің  индустрия һәм инновациясын ғана емес, экономикалық әлеуетін де арттыруға сеп береді. Бүгінгі сайыс болашаққа инвестиция. Ал оны қарапайым мектеп оқушылары ұйымдастырғанын ескерсек, турнирдің маңызы еселенеді. Жастарда қызығушылық бар. Мамандардың айтуынша, сайыста бой көрсеткен жас инженерлердің арасынан әлемді бағындыратын қазақ ғалымы шығуы мүмкін. Себебі жеткіншектердің аз уақытта жеткен жетістігіне көз тояды.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

- Мақсатымыз тарихи қалыптасқан ғарыштың технологияларды Қазақстанда аяққа тұрғызу. Байқоңырды толық өзіміз игеру, технологиялармен толтыру. Ал оның кепілі міне бүгінгі жастар. Бұл біздің болашақ ғылыми-технологиялыққ инженерлік элитамыз. Осылардың ішінде Королёв тәрізді мықты-мықты ғарышты игеретін болашақ технологтар, инженерлер болуы мүмкін. 

Жарыс жеңімпаздары ертең белгілі болады. Оларға белді университеттердің оқу гранттары, Ұлттық ғарыш орталығында тағылымдамадан өту мүмкіндігі және құнды сыйлықтар беріледі.

Бекзат Аманов, Нұрғали Мамырбаев