Бас прокуратура балалар жазда қалай демалып жатқандығын тексеруге кірісті
Еліміздің Бас прокуратурасы балалар жазда қалай демалып жатқандығын қадағалауға кірісті.
Құзырлы орган лагерьлердің жұмысын жіті тексеріп жатыр. Бұл салада бірқатар бұзушылықтардың барын бала құқықтары жөніндегі уәкіл де айтып отыр. Көбі санитарлы-эпидемиологиялық талаптарға сай келмейді екен.
Қазақстандағы барлық балалар лагері құзырлы органдардың назарына іліккен. Қазіргі таңда еліміздің бас прокуратурасы балалар жазғы демалыстарын қалай өткізіп жатқандығын және олардың қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етілгендігін жіті тексеруге кіріскен.
Медет Қафизов, ҚР Бас прокуратурасы басқармасының аға прокуроры:
- Прокурорлар балалардың тұрмыс жағдайын, санитарлық нормалардың сақталуын, өрт қауіпсіздігін, азық-түлік пен көмек жағдайын тексеруде. Сондай-ақ 2023 жылға арналған балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру бойынша қызметтерді сатып алу заңнамасын сақтау мәселелерін пысықтауда. Республика бойынша барлығы 848 лагерь тексерілетін болады.
Құзырлы органның тексеріс жүргізгені орынды. Себебі бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиеваның айтуынша, қазір елде санитарлық эпидемиологиялық талаптарға сай келмейтін лагерьлер де жетерлік. Кейбірінің тиісті құжаттары жоқ, ал егер бар болса тазалыққа қатысты мәселе көп.
Динара Зәкиева, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл:
- Лагерьді ашу үшін тек қана СЭС-тен рұқсат керек. Кейбір лагерьлерге СЭС рұқсатты қалай бергені өте үлкен сұрақ.
Кейбір лагерьлерде СЭС-тің рұқсаты жоқ. Бұл лагерьлерді тексеру үшін қазіргі таңда елімізде мораторий бар. Сол себепті бұл лагерьлерді тексеру үшін жағдай жоқ. Тек ғана арыздар бойынша.
Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің сөзінше, балалар демалысын ұйымдастыруды ретке келтіру үшін бизнесті тексеруге салынған мораторийді алып тастап, мекемелерді міндетті лицензиялау қажет. Бір сөзбен айтқанда заңнамаға өзгеріс керек. Ал Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова болса, мәселе заңда емес, оны дұрыс қолдануда дейді.
Ирина Смирнова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Менің ойымша, демалыс лагерьлерінің қауымдастығы арқылы лагерьлерді тіркеу қажет. Ондай мүмкіндік бар шығар? Екіншіден, жөнді жасақталмаған лагерьлердің жұмыс істеуіне рұқсат бергендерді жауапқа тарту керек. Бұндай жаза өзгелеріне жақсы сабақ болар еді.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова жауапты ведомстволарға балалар мекемелерін жөндеу үшін тексеріс жүргізуді тапсырған. Әзірге мемлекеттік қызметшілер жіберілген қателіктерден сабақ алып, балалардың жазғы демалысын дұрыс ұйымдастырса деп тілеу ғана қалды.
Риат Шони