Тәңір тауының солтүстігінде жаңа мұзды көлдер пайда болды

«Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесі мен География және су қауіпсіздігі институты мамандары аталған көлдерді зерттеуді қолға алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ортақ жоба Төтенше жағдайлар министрілігінің бастамасымен қолға алынып, Іле Алатауының бөктеріндегі қауіпті жоюға арналған. Аптап ыстықтың әсерінен мұзды көлдер жылдам еріп жатыр. Қауіптің алдын алмаса, Алматы мен Алматы облысындағы елді мекендерге қауіп төндіруі әбден мүмкін.

Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты «Қазселденқорғау» мекемесі бір аптадан бері күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Өйткені 21 шілде де Іле Алатауындағы нөсер жауын салдарынан өзендердегі су деңгейі көтеріліп, сел жүрді. Кейбір жерде жауынның көлемі 70 мм-ге жейін жеткен. Салыстырмалы түрде айтсақ, 30 мм-ден асса қауіпті саналады. Тағы бір қауіп – таудағы мұзды көлдердің жылдам еруі. Соның әсерінен өзендердегі су лайлануда. Сондықтан жылдам толысып жатқан мұзды көлдерді бақылау күшейтілді.

Қайрат Бекенов, ҚР ТЖМ "Қазселденқорғау" ММ басшысы:

- Қазіргі таңда селдің қаупі өте жоғары. Өздеріңз көргендей бізде 2 фактор бар. Бірінші фактор бұл – қазіргі жоғарғы температура көтерілуі. Қазгидрометтің болжамы бойынша, соңғы 15 жылдың ішінде бізде қазір ең жоғарғы температура. Егер 3 мың метрді алатын болсақ, 20 градусқа көтерілген. Орташа есеппен алатын болсақ, 13 градус болып тұр.

«Қазселденқорғау» мекемесінің мәліметінше, Алатаудың батысында бірнеше мұзды көл пайда болған. Олар жылдам толып жатыр, - дейді мамандар. Мысалы, Қарғалы өзенінің бастауындағы №5 көлдің пайда болғанына 2 жыл. Бүгінде тереңдігі 10 метр, су көлемі 40 мың текше метрге жеткен. Сондықтан су деңгейі тұрақсыз көлдер басты назарда. Қыста судың көлемі бірқалыпты болғанымен жазда толып немесе біртіндеп ағып кетеді екен.

Николай Попов, География және су қауіпсіздігі институтының бас ғылыми қызметкері:

- Бірқатар көлдердің әзірге көлемі шағын. Олардың ұлғаюы мұздықтардың еру жылдамдығы мен жауын суының көлеміне тікелей байланысты. Жарылып кету қаупі де артады. Мұндай көлдердің бірнеше жарылу методикасын жасадық. Олардың жарылу мүмкіндігі мен шығын көлемі де есептелді.

№5 көлдің етегінде автоматтандырылған бақылау бекеті орнатылған. Судың деңгейі көтеріліп, лайлана түссе, Төтенше жағдайлар министрлігінің жедел орталығына ақпарат беріледі. Қазгидрометтің мәліметінше, Тәңір тауындағы ауа температурасы көтеріліп келеді. Мұздықтардың көлемі азайып, тау көлдерінің арнасы толысып жатыр.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Кенже Амраев.