Гинеколог бала көтере алмай жүргендерге отандық препаратты ұсынды
«Ғылым қоры» арқылы берілетін грант мөлшері ұлғайтылды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Мемлекеттік қолдауға үміткерлер қатары да артып жатыр. Ең бастысы, қаржыландырылған ғылыми жобалар нарыққа шығып, халықтың ықыласына бөленіп үлгерді. Соның бірі – саумал және түрлі өсімдік сығындыларынан тұратын метабиотик. Препараттың баламасы бар ма? Оның пайдасы қандай?
20 жыл бойы гинекология саласында еңбек ететін Айжан Рақымбай пациенттеріне отандық препаратты ұсынады. Дәрігер сәби көтере алмай жүрген қыз-келіншектерді гармонмен емдеу дұрыс емес дейді. Оның орнына метабиотикті пайдаланған абзал.
Айжан Рақымбай, интегративті гинеколог:
- Жарты жылдан астам болды. Біраз қолданып жүрмін. Өте жақсы нәтиже аламыз. Бұл гормон емес. Бірден сізге эффект бермейді. Ең негізгісі, әйелдің өмір сүру салтын реттеймін. Соның үстіне қосамын. Сол кезде бірге жақсы нәтиже аламыз.
Отандық өнім жыл соңына дейін кең қолданысқа енеді. Қазір бірнеше дәріхана желісінде сатылып жатыр. Метабиотик асқазан-ішек ауруларынан айығып, иммундық жүйе жұмысын жақсартуға мүмкіндік береді. Оны Назарбаев университетінің ғалымдары әзірледі. Тиімділігі мен бірегейлігі дәлелденген соң өнім «Ғылым қорының» грантына ие болды. Құрғақ бие сүті, өсімдік және метабиотикалық компоненттер негізінде жасалған препараттар Қарағанды облысында өндіріліп, нарыққа шығарылады.
Динара Жақыпова, жоба серіктесі:
- Қазір әлемде метабиотиктерге сұраныс көп. Біз оны сырттан алмай, өзімізде өндіріп жатырмыз. Бұған дейін ағзамызды пробиотиктердің көмегімен реттеуге тырыстық. Бірақ оны үнемі тұтыну керек болды. Сырттан келетін өнім болған соң сіңімділігі де аз еді. Ал отандық метабиотик флорамызды нығайта түседі. Себебі онда дені сау адамның ағзасында бар бактериялар қолданылған.
Ғылыми жобаның басы-қасында жүрген Самат Қожахметов метабиотиктің көпшілікке қолжетімді бола түскеніне қуанады. Олар 10 жыл бойы адамның микробиомасы мен метагеномын зерттеп келеді. Ғалымдардың еңбегін халықаралық сала өкілдері мойындап отыр.
Самат Қожахметов, жоба авторларының бірі, Назарбаев Университет Зертханасының қызметкері:
- Біздің метабиотигімізде метаболиттер көп болған соң ағзаға түсе сала әрекет етеді. Бұл – медициналық препарат емес, тағамдық қоспа. Оны барынша жетілдірдік. Дәрежесі жоғары журналдарда мойындалған соң инвестор іздей бастадық. Мемлекеттік гранттың арқасында препаратымыз қазіргі деңгейге жетті.
2016 жылдан бері «Ғылым қоры» 220-дан аса жобаны қаржыландырды. Барлығына 300 млн теңге грант берілді. Қазір оның мөлшері 350 млн теңгеге ұлғайтылған. Қосымша қаржыландыру талабы да өзгерді.
Серік Мәжікенов, «Ғылым қоры» АҚ департамент директоры:
- Егер де жоғары білім беру мекемесі болса, қоса қаржыландыру 10%, ғылым мен өндіріс бірігіп, стартап компания болса, 20% болу керек. Жеке кәсіпкер грант алса, 30% кем болмау керек.
Ғылым қоры қаржыландырған 140 жоба сатылымға шықты. Өнімнің біразы экспортқа бағытталған. Оның жалпы көлемі 880 млн теңгеден асты. Құрамы табиғи заттардан тұратын, ағзаға жеңіл сіңіп, күш-қуат беретін метабиотиктің де бұл қатардан көрінуі мүмкін, - дейді мамандар.
Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Диас Қобланбаев, Мұрат Әріпханов.