200 мың оқушыға мемлекеттік қолдау көрсетілді
Жаңа оқу жылының қарсаңында табысы төмен отбасылардан шыққан 200 мың балаға материалдық көмек берілді.
Яғни, ел бойынша өтініш берген ата-аналардың есепшотына барлығы 8,2 млрд теңге аударылған. Бұл туралы Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан хабарлады. Табысы жан басына шаққанда төменгі күнкөріс деңгейінен аз және арнаулы әлеуметтік жәрдем алатын отбасыларға тиесілі қолдау жылда көрсетіледі. Бұл қаржыға мектеп формасы, оқу құралдары мен кеңсе тауарлары алынады. Биыл осы мақсатқа жалпыға бірдей білім беру қорынан 18,7 млрд теңге қарастырылған. Бүгінде материалдық көмек алатын мектеп оқушыларының саны 450 мыңды құрап отыр. Оқу-ағарту вице-министрі келтірген мәлімет бойынша, бір баланы мектепке дайындауға кемінде 40 500 теңге керек.