Түркістанда ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының орталығы ашылды
Бұл орталық облыстың 5 жылдығына арналған «Экологиялық жағдайды жасыл желектерді дамыту жолымен жақсарту және ауыл шаруашылығы дамуындағы мәселелер» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция аясында ашылып отыр.
Шараға еліміз және Өзбекстан, Қырғызстан, Үндістан, Пәкістан елдерінің белгілі ғалымдары қатысты. Тиісінше мұндай ауқымды екі іс-шараның Түркістан облысында өткізілуі кездейсоқтық емес.
Климаты қолайлы, жұмыс күші жеткілікті Түркістан облысы ауыл шаруашылығын дамыту тұрғысынан ең қолайлы өңір болып саналады. Бүгінде өңірімізде 74 мың агроқұрылым тіркеліп, бұл республикалық көрсеткіштің 31
%-ін құрап отыр. Сондай-ақ елімізде өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің 12 %-і біздің өңірдің үлесінде.
Осы орайда облысымызда ашылған Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы ғылымдар академиясы орталығы аграрлық саланы инновациялық бағытта кешенді дамыту, ауыл шаруашылығына білікті мамандар даярлау, ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізумен қатар салаға инвестиция тарту жұмыстарына да басымдық беруі қажет.
ҚР Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының президенті, ҚР ҰҒА академигі Тілектес Есполов өз сөзінде академияның бүгінгі мақсаты ғылыми бағыттағы әлеуетті біріктіріп, оны қолдау және координациялау арқылы озық отандық инновацияларды өндіріске енгізіп, АӨК тиімділігін арттыру керек екенін айтып, кәсіпкерлердің біліктілігі мен технологиялық мүмкіндіктерін дамыту жолдарын жеткізді.
Қазақстан аграрлы мемлекеттер қатарына жататындықтан ел экономикасын өркендету ісінде басты салмақтың бірі ауыл шаруашылығы мамандарына түсетіндігі сөзсіз. Сондықтан бүгінгі күні ғалымдар мен өнім өндірушілер заман талабына сай бірлесе жұмыс істесе ғана жоғарғы нәтижеге қол жеткізетіндігіміз анық.
Өркениет көшіне ілесу жолында ғылымға көңіл бөлмей, прогреске жету мүмкін емес.