Тараз оқушылары зағиптарға арналған құрылғы жасап шығарды
Тараздық оқушылар брайль жүйесімен жұмыс істейтін «Қазақ Braille» құрылғысын жасап шығарды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Пернетақталы принтер зағип жандарға арналған. Елде жоқ ерекше құрылғы қазақ тілінде дыбысталып, жұмыс істейді.
Тараздық жастар көру қабілеті шектеулі адамдарға арналған принтерді 1 жыл ішінде жасап шықты. Әлеуметтік маңызды жобаның 3 түрлі пайдасы бар. Алғашқысы, зағип жан бедерлі пернетақтаны басып, брайль қарпін меңгереді. Одан соң дыбысталған әріпті ести отырып, принтер арқылы жазбаны қағазға түсіре алады.
Айкөркем Егеубай, жас ғалым:
- Алға қойған ең басты мақсатымыз – ол қазақ әліпбиін дамыту. Себебі бұндай принтерлар қазір нарықта жоқ десек те болады. Кішкентай балаларға, мысалы, олардың құлақ есту қабілеттерін дамыту үшін осы дыбыс көмектеседі. Ал біздің принтер арқылы олар өздеріне керекті мәліметті тез және оңай шығарып ала алады.
Жанарынан айырылған жандарға арналған облыстық кітапханада, бедерлі жазумен кітаптар шығарылады. Бірақ мұнда қолданылатын «даксбери» қосымшасында қазақ әліпбиі мүлде жоқ. Сондықтан шығармаларды төл тілде басу қиындық тудырып отыр. Жаңа құрылғыны алғаш болып қолданған кітапханашылардың қуанышында шек жоқ.
Ербол Бегімов, облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының қызметішісі:
- Балалардың істеген жобасы қазақ тілі әріптің бәрі дыбысталып анық естіледі. Көп-көп рақмет балаларға. Мен өзім ғана емес, осы Тараз қаласында зағип және нашар көретін балаларға арналған интернат бар. Ең бастысы – соларға көмек.
Брайль принтерлері нарықта 4 миллион теңгеден басталады. Ал тараздық жас ғалымдар құрылғының қазақша нұсқасын жасауға 17 мың теңге жұмсапты. Алдағы уақытта А4 форматына шақтап шығармақ. Маңызды жобаға тек қолдау қажет.
Авторлары: Мерей Бает, Руслан Ахатіллә.