Абай облысында 12 сауықтыру лагері жұмыс істеп тұр

Абай облысында қазір 12 сауықтыру лагері жұмыс істеп тұр.

Жаңа оқу жылы басталғанға дейін 6 мыңға жуық оқушыны тынығады. Бұдан бөлек өңірдегі 920 бала «Қазақстан халқы» қайырымдылық қоры есебінен тегін жолдама алған.

Қарағайлы орман көмкерген Бесқарағай ауданындағы  лагерде екі айда 400 бала тынығып үлгеріпті. Мұнда оқушылар үшін тәрбиелік, ойын-сауық, сауықтыру бағдарламаларының түр-түрі қарастырылған. 

Шырай Шәмен, оқушы:

- Көптеген ойындарды білдім. Достарымызбен бірге ойнадық. Және де мұнда квесттер болады. Кеше бізде жәрмеңке болды. Жәрмеңкеде ойнаған ойындардан ақшаларымызбен өзімізге пазлдар, шахмат сатып алдық. Маған осы лагерь өте қатты ұнайды. 

Бұл лагерь 5 ауысыммен жұмыс істейді. Әр ауысымда 100 бала 10 күннен демалады.   

Ал айдынды Алакөлдің жағасындағы «Үржар-айым» сауықтыру лагеріндегі балалар «Қазақстан халқына» қорының есебінен тынығып жатыр. Демалыспен қатар жасөспірімдер шығармашылық, зияткерлік қабілеттерін де дамытады. Ең бастысы, балғындардың денсаулығын нығайтуға мән берілген. Лагерьдің Алакөл жағасында орналасуы да сондықтан.

Семейдегі балалар үйінің тәрбиеленушілері де жазды қызықты өткізіп жатыр. Сексенге жуық оқушы қала шетіндегі лагерьде екі ай бойы демалуда. 

Пётр Мельников, балалар үйінің тәрбиеленушісі:

- Күніміз күшті өтеді. Бос уақытымыз болмайды десек те болады. Күнде бассейн. Тәриешілер дайындайтын арнайы қызықты іс-шаралар. Көңілді. Спорт жағынан неше түрлі ойындар өткізеді. Футбол ойнаймыз, волейбол ойнаймыз.

Биыл әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған және көпбалалы отбасынан шыққан 5250 балаға өңірдегі 12 лагерьге тегін жолдама берілген. 

Айжан Құрманова, Абай облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:

- Сонымен қатар облыстың 920 баласы жаздық жолдама жобасы аясында «Қазақстан халқы» қайырымдылық қоры есебінен «Үржар-айым» мен Алматы қаласының Сүлеймен Демирел университеті жанындағы «Атамекен» лагерінде демалуға мүмкіндік алды. Бүгінде 800 бала демалып қайтты. 

Абай облысында сауықтыру лагерлеріне сұраныс көп. Сондықтан алдағы уақытта үш ауданда 200 орындық лагерь салу жоспарланып отыр. 

Азамат Қасым, Берік Жобалайұлы