Елде педагогтерді аттестаттаудың бірінші кезеңі аяқталуға жақын

Елде педагогтерді республикалық аттестаттаудың бірінші кезеңі аяқталуға жақын.

Бүгінге дейін тестілеуді 217 мың мұғалім тапсырды. Енді тағы 123 мыңға жуық ұстаз өз кезегін күтіп отыр. Сынақтың екінші кезеңі желтоқсанға дейін жалғасады.

Биыл елде мұғалімдерді аттестаттаудың 2 кезеңі өтеді. Тестілеу ақпан-тамыз және қыркүйек-желтоқсан айларына жоспарланған. Жоғары санаттан ниетті ұстаздардың алғашқы легі тестілеуден өтті. Ғұмырының басым бөлігін мектеп қабырғасында өткізген психолог Жұлдыз Дүмбаева биылғы аттестаттау талабы біршама жеңілдегенін айтады. Жалпы тестілеу қиын болғанымен, білімі мен тәжірибесі ұштасқан маман мұндай сынақтан мүдірмей өтуі тиіс.

Жұлдыз Дюмбаева, педагог-психолог:

- Жеңілдегені байқаулы. Ең біріншіден бұрынғы ескі категория мен высший категориядағы мұғалімдер автоматпен педагог модератор болуға болатын болды. Сондай-ақ, 30 жылдан артық стажы бар педагогтер квалтесттен өтпейді. Тек қана портфолиа жинайды. Үшіншіден, пенсияға 4-5 жыл қалған мұғалімдер мүлдем өтпейді тесттен, бұрыңғы жұмысымен айналыса береді. 

Елдегі аттестаттауды тәжірибелі педагогтар, әдіскерлер, қоғам қайраткерлері және кәсіподақ өкілдері қадағалайды. Тестілеуде барлығы 50 сұрақ бар. Оның 20-сы педагогика, қалғаны мұғалімнің өз пәнінен келеді. Жалпы тестілеу жүйесі жылдан жылға жетілдіріліп жатыр, бірақ кемшіліктер де бар. 

Биыл тестілеуден өткен Сұлушаш Ахметжанованың айтуынша, кей сұрақтар өзектілігін жойған. 

Сұлушаш Ахметжанова, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:

- Бір кемшілік біз тестке барған кезде педогогика мен методиканы тапсырған кезде ол жерде деңгейлік оқудан келетін сұрақтар көбінесе. Ал мұғалімдер ол оқудан өтті деп ойламаймын. 100 пайыздан 20 пайыз ғана мұғалім сол оқудан өтті. Олар сол сұрақты түсінбейді де, білмейді де. Ол сұрақты 5 жылдай болып қалды, оқытпайды. 

Осыған дейін мұғалімдер қажетті ақпаратты қағаз түрінде де, электронды түрде де тапсырса, қазір рәсім біршама жеңілдеді. Ұстаздар тек тестілеуден өту ниетін растаса жеткілікті, Ал біліктілік деңгейі ұсынылған мәліметтерден автоматты түрде анықталады. Тиісінше, сынақтан мүдірмей өткен мамандардың айлығы көбейеді.  

Айман Дүйсембаева, ҚР Оқу-ағарту министрлігі  педагог кадрлармен жұмыс басқармасының басшысы:

- Елімізде 230 мың адам осы біліктілік санатын растау не болмаса тағайындау арқылы өзінің санаттарына үстемақы алады. Ол 30 пайыздан 50 пайызды құрайды. Яғни, лауазымдық жалақының 3050 пайызын құрайды. 63 пайыз педагогтер жалпы педагогтардың осы санат бойынша үстемақы алып жүр. 

Оқу-ағарту министрлігі мұғалімдердің 5 санатын бекітті. Педагог санаты үшін тестілеу талап етілмейді. Ал модератор конкурс өткізіп, қалалық олимпиадаларға оқушыларын қатыстыруы керек. Оқушылары қалалық, республикалық олимпиадаларға қатысып, жүлдегерлер болған мұғалім -  сарапшы санатына лайықты. Ал зерттеушінің 5 жыл еңбек өтілі мен республикалық байқаудың жүлдесі болу керек. Ал ең жоғары санат – шебер деп аталады. Олардан авторлық жұмыс, оқу құралдары мен әдістеме және республикалық олимпиадалардың бас жүлдесі талап етіледі.

Бекзат Аманов, Ерлан Наурызбаев