Түркістан облысында логопед балаларды өз авторлық жобасының көмегімен сөйлетіп жүр
«Еркін сөйле». Бұл сайрамдық логопед Мафтуна Абдрахманованың ерекше жобасы.
Дефектолог маман 1 жылдан астам уақытта сөйлеу тілінде кемістігі бар екі жарым мыңға жуық балаға көмек берген. Нәтижесінде 200-ге жуық бүлдіршіннің тілі шығып, сөйлеп кеткен.
Мафтунаны cайрамдықтар «тілашар апай» деп атайды. Жас маман сөйлей алмайтын бүлдіршіндермен жұмыс істейді. Ол алғашында жұмысын Алматыда бастапты. Былтыр туған жерге келіп, бір бөлмеде жұмыс бастаған. Мемлекет қолдауының арқасында қайтарымсыз грант алған. Қазір Сайрамның орталығынан үлкен ғимаратты жалға алып, жұмыс істеп жатыр. Бұл салаға келуіме сөйлеу тілінде кемістігі бар бала санының көптігі мен отбасымдағы дәл осындай жағдай түрткі болды, дейді логопед-дефектолог. Қазір 8 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Мафтуна Абдурахманова, логопед-дефектолог:
- Қазіргі таңда біздің мамандарымыздың барлығы университтетті ғана оқыған емес, мен өзім қай жерде білім аламын, соның барлығымен бөлісемін. Айына 100-120 балаға қызмет көрсетеміз. Ашылғанымызға 1 жыл 3 ай болғанына қарамастан. Осы уақытқа дейін 2300 балаға қызмет көрсеттік. Соның ішінде ең үздік нәтижеге жеткен балалар саны 150-200 шамасында.
Ақсу ауылының тұрғыны Халида Тәжібекова орталыққа немересін алып келгелі 6 ай болыпты. Бұрын балабақшаға беріп көрген. Алайда немересі дұрыс сөйлей алмағандықтан ондағы бүлдіршіндермен тіл табыса алмапты. Сосын орталықтың ашылғанын естіп, осында әкелген. Қазір нәтижесі жаман емес екенін айтады.
Халида Тәжібекова, Ақсу ауылының тұрғыны:
- Балам сөйлейді, бірақ бәрібір жағы жақсы ашылсын деп бергем. Жақсы, сөйлеуі де дұрыс. Көріп жатырмыз. Үйге де тапсырма береді. Өзім көріп, тексеріп тұрамын. Осы жерге келемін деп ұмтылып тұрады. «келем, мен барамын, шығамын» деп, ана балалар айта алмайды.
Мафтуна Абдрахманова осы салада жұмыс істеген 5 жылда 5 мыңға жуық балаға көмек қолын созған. Дені бүлдіршіндер. Оның басты себебі - тұрмыстық жағдай мен әйелдердің жүктілік кезінде дұрыс күтінбеуі. Босану кезіндегі қиындықтар да баланың тіліне көп әсер етеді,-дейді. Тіпті инсульт алып, сөйлей алмай қалған науқастарға да көмек бере алатынын айтады. Жалпы, былтыр кәсіпкерлікті қолдау ұлттық жобасы аясында Сайрам ауданында 224 азаматтың жобасы қолдау тапқан.
Абзал Қазанғапов, Еңбек мобильділігі орталығының сайрам аудандық филиалының директоры:
- 2023 жылы Сайрам ауданы бойынша 110 орын мемлекеттік қайтарымсыз грант бөлінген. Бүгінгі таңда 2 лек бойынша 54 азамат өз кәсіптерін бастады. Қалған 54 азамат осы қыркүйек айында қайтарымсыз грант алады. Бір ретте 30 орынға 600 адамға дейін үміткер болып, біреуі ғана ұтып жатыр. Ол дегеніміз халықтың қызығушылығы бұл бағдарламаға жоғары.
Мамандар ауданда бәскелестіктің арқасында осындай ерекше жобалар комиссия тарапынан қолдау тауып, өз жемісін беріп жатқанын айтады.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш