Батыста былтырғы тасқыннан қираған Шалғын мектебіне арнап жаңа ғимарат салып жатыр

Батыс Қазақстан облысында былтыр көктемгі тасқын салдарынан қирап қалған Шалғын мектебіне арналып жаңа ғимарат салынып жатыр.

Құрылыс жұмыстары қазан айына таман аяқталады. Ал оған дейін балалар тағы да мәдениет үйінде оқитын болды.

Былтыр наурыз айында Шиелі өзенінің суы арнасынан тасып, жағасындағы Шалғын ауылын түгел шайып кеткен еді. Салдарынан 23 үй мен мектеп қирап қалды. Сол жылы бюджет есебінен тұрғындарға жаңа баспана салынып берді. Ал білім беру нысанының құрылысы аяқсыз қалған еді. 

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Өткен оқу жылында балалар дәл осы мәдениет үйінің ғимаратында оқып шыққан еді. Жаңа оқу маусымын да осында бастауға мәжбүр. Ата-аналардың көмегімен мұнда 5 кабинет жабдықталған екен. Десе де ғимарат ескі әрі тарлық етіп тұр. 

Баян Оразова, Шалғын негізгі мектебі директорының орынбасары:

- Бұл да апатты жағдайда деп есептелініп отыр. Себебі қабырғалары нетіп жатыр. Бірақ рұқсат етілді биылғы оқу жылын бастап кетуге. Жаңа оқу жылын 41 баламен қайтадан бастамақшымыз. Патронаттық тәрбиеге мән беріп жатырмыз. 7 отбасы патронаттық тәрбиеде оқытып шықты. Сосын көп балалы бір отбасы көшіріліп алып келді. Былтыр 2 отбасы көшіріліп алып келді. 

Шағын орталық пен даярлық сыныбы қираған мектептің қосымша ғимаратында орналасқан. Бұл нысандардың жай-күйі адам өміріне қауіпті. Ал былтыр жаңа мектеп құрылысын аяқтай алмаған компаниямен келісімшарт бұзылған. Орнына енді жаңа мердігер келіп жатыр. 

Әлібек Антазиев, облыстық құрылыс басқармасының басшысы:

- Мердігердің, ең біріншіден, уақытында келісімшарт парақтарын орындамағанына, объектіні уақытында іске қоспағандықтан, екінші себебіміз, қаржы жетпей қалғасын сол мекеме өз жобасын бітіре алмай қалды деп санаймыз. Бүгінгі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. 

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Қайта жарияланған конкурс құжаттары шілде айында толық рәсімделіп, жаңа мердігер мінеки жұмысқа кіріскен екен. Дәл қазір тас қалау жұмыстары аяқтала келді. Енді көп ұзамай шатырын жабуға кіріседі. 

Жаңа мектеп 60 орынға есептелге. Жобаға бюджеттен 700 млн теңгеден астам қаражат бөлінді.

Алшанбек Ержанов құрылыс аумағының бастығы:

- Ішкі перегородкалар, стяжка, бәрі уже әзір. Штукатурка бастаймыз уже. Сентябрьдің аяғы деп тұрмыз. Ну по проекту октябрь ғой. Октябрьге шейін бітіру керекпіз. Әлі сыртта да біраз жұмыс бар.

Шынар Әблезова Шалғын ауылының тұрғыны:

- Хотя бы екінші тоқсанда бітіріп берсе, сұраймыз. Енді мынау қолайсыздау балаларға да, мұғалімдерге де. Жаңа үйлер салып берді. Олар бітті. Үйлерге көшіп алдық. Бір қыстап шықтық. Жақсы болды, жылы болды. 

Облыста 27 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Оның 17-сі жыл соңына дейін тапсырылады. Бұл жобаларға жергілікті және республикалық бюджеттен 19 млрд теңге бағытталған. 

Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов